Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылай хан түсі және өлімі (ІІ нұсқа) (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Бұл баяғы Әмір Темірден соң ешкімге шықпаған тас,— десіпті. Абылай хан батырларына рұқсат беріпті:

—Енді ұрыс-соғыс жоқ. «Ер игісі қос табар» деген, амандарыңда ел табыңдар!—деп, өзі Тәшкенге келіп, Мырзахметтің қызын алып, үш ай жатып қалыпты. Үш айдан соң Арқаға қарай бет алып шығып, Арыс бойына келген жерде баяғы «Шымкент, Сайрамға ие бол!» деп қолынан қойып кеткен Әбдірахманы Тұрбат сұлтан, Рабат, Қарабұлақ, Маңкенттегі жалпақ табан, жалаң аяқ сарттарды жинап алып, қосын қылып:

—Арыстан өткізбеймін,—деп алдын тосып тұр екен.

Абылай ханның жанында тамақ үшін еріп жүрген үйсін, дулаттар қашып кетіп, «жалпы етек дулат» атанғандығы сол екен. Арыстың бойында бір төбенің басында қосшы, қолаңшы төлеңгіттері, Абылай қалшиып тұрды да қалды. Сонда қасындағы қариясы Бұқарекең айтқан екен:

—Бірі—етек, бірі—жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан
Басқа қылар ісің жоқ,—

депті. Хан сонда батырларын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнап тастапты, құса болып жарылып кетіпті. Сол жерде бір қорғанға түсіріпті. Сол қорған күні бұл күнгеше «Хан қорғаны» аталып қалды деседі.

Абылай хан ажал жастығына басын қойғанда, Бұқарекең айтқан екен:

—Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,
Сонда да қалар ма екен жаның-ай!—

дегенде, Абылай хан:

—Тоқта, тоқта, бұлай десең, мен діннен шығамын, сен жалғаншы боласың. Жиырма жасымда таққа міндім, қырық сегіз жыл қазаққа хан болып тұрдым. Қанша жыл өмір сүріп, жас жасағанымнан не пайда?! Қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ—бір. Ақбоз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ—екі. Мылтығының оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мергеннің құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ. Ұста менен етікшінің құнын қатын құнымен бір бас қылып, «жарты құн» дегізіп, кесім кестіргенім жоқ. Онымен—үш. Осы үш арман бойымда кетті,—деген екен.

Ұлы жұма күні қайтыс болып, сүйегін теңге салып, Хазіреті сұлтанға алып келіп, ақ күмбездің ішіне, бір бөлмесіне қойып, тасын үстіне орнатыпты.

Абылай ханның өлгенін естігенде, Жалаңаяқ Әудер үш күн, үш түн жылаған екен.

—Тақсыр, мұнша неге жылайсыз?—деушілерге:

—Есіл Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп Сарарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді. Енді хандық сартта қалды, қазақтан бақ кетті, құт қашты,—деген екен.

Абылай ханның өлімі Арқаға естілді. Ордаға қатын-қалаш, бала-шағаға есіттірмеді. «Өлгеніне қуанып, сүйінші сұраған кісідей [қалай] [есітт]іреміз? «Өліктің қырқы» деген бір мал сойылатұғын күн ғой. Сол қырқында есіттіріп, қырқын бергізейік!»—деп. Сарқазақ, Сейтен, Итқара, Сұлтан деген кісілер:

—Міне, бүгін ... қырық күн болды естігенімізге,—деп ордасына есіттіріп, қырқын бергізген екен.

Артынан қолдарынан көмген, жанында бірге жүрген жолдастары келген соң білісті. Бұлар мұнда «өлгеніне қырық күн болды» деп бергізген күн өлген күні екен. Сарыарқаға өлмесінен қырық [күн] [бұ]рын естілген екен. Біздің естуімізше, Абылай тарихы—осы.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз