Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Еркебұлан мен Нұрлан айтысы (5-бөлім)

Еркебұлан Қайназаров, Нұрлан Мұсаев · 2 мин оқу

Нұрлан:

Мен саған бір сауалды індетіп ем,
Салып жатқан жоқпын деп, күнде түрен.
Сіріңкемен секіртіп, бұл Нұрланды
Сырықтың айырмақсың міндетінен.
Әжептеуір қызмет сыйлап едім,
Бұл бала көктемейді ау бұл бетімен.
Айрылайын деп отсың екі арада
Нұрланға сырық болу құрметінен.

Сөзіңнің бірі мінеу, бірі сынау,
Өзіңнің ойлауыңша ірісің ау.
Борсық дейсің, біресе торсық дейсің,
Бүйткен сенің құрдастығың құрысын ау.
Борсықты ұрған сайын семіреді,
Осыны айтқан қазағым ұлысың ау.
Тулап алып қашатын торсық көрсе
Жал біткен жаман аттың бірісің ау.

Оттар бар жанбай жатып сөніп жүрген,
Гүлдер бар екпей жатып солып жүрген.
Бикештерден қорқамын, рұқсат алып,
Дос қызының үйіне қонып жүрген.
Қайғы бар төбеңнен де, төменнен де,
Оң-солың, алды-артыңнан шолып жүрген.
Ата ана көп, қызының шет тілдерді
Оқығанын жақсыға жорып жүрген.
Шетелдік шенділерге тілмаш болып,
Солардың дегеніне көніп жүрген.
Қайдасың, рухы биік қазақ қызы,
Желтоқсанның желіне тоңып жүрген.
Сәбира, Ләззаттар екі тумас,
Ұлтының намысы үшін өліп жүрген.
Кейбір қазақ қыздары қынжылтады
Келімсекке келіншек болып жүрген.

Еркебұлан:

Осындай қайшылықта тулайды өлең,
Дейді ғой жайшылықта тумайды өлең.
Жоныма жал біткелі жиырма жыл,
Содан бері ешкімнен қыңбай келем.
Бүгінгі азаттықтың айтысында
Торсығым тесілгенше тулай берем.
Басыңа азық болып, бірер күнгі ой,
Өлеңіңді бір емес мың өрдің ғой.
Нұрлан ау, байдың ұлы деген сайын,
Ойыңа келгенді айтып, шірендің ғой.
Түйені де сөз қылдың, тышқанды да,
Енді келіп, жылқыға тірелдің ғой.
Тәп тәтті азаттықтың бұл айтысын
Әп сәтте зоопарк қып жібердің ғой.

Басымнан арылғалы құлдық сана,
Көргенім тату тәтті тірлік қана.
Бұл күнде бүкіл әлем шалдығып жүр,
Алауыздық дейтұғын бір жұқпаға.
Құдай үшін күрескен мұсылманға
Мұнай үшін соғысу сұмдық шара.
Ал бізде Құдай да бар, мұнай да бар,
Шүкір, елім өсіп жүр, жым жырт қана.
Ал, Нұрлан, енді біз де дос болайық,
Бай баласы дегенге мүлгіп қалма.
Мұнай да емес, газ да емес, көмір де емес,
Бүгінгі басты байлық бірлік қана.

Нұрлан:

Жан досым, жаның жырға шөл болмасын,
Даңқыңнан менмендігің зор болмасын.
Үйіңдегі үш балаң аман болып,
Кенжегүл, Кенжебегің сол болмасын.
Тіліңе тіл, көзіңе көз тимесін,
Арғымағым, алдыңда ор болмасын.
Жүсіпке сынақ үшін дидар берген,
Ақындығың өзіңе сор болмасын.

Жаратқан, жанымызды жайната көр,
Ақынның қызыл тілін сайрата көр.
Еркіндікті осылай тойлата көр,
Жүрекке иман нұрын бойлата көр.
Желіге жетпіс құлын байлата көр,
Төріңе он бес бала ойната көр.
Бір Алла, дос түгілі дұшпанға да
Қазақ жайлы жақсы ойлар ойлата көр.
2011 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз