Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мэлс пен Балғынбек айтысы (9-бөлім)

Мэлс Қосымбаев, Балғынбек Имашев · 2 мин оқу

Сен десе естіледі сан ысқырық,
Білесің ол айтыста таныс қылық.
Аллаға мен де, Мәке, тәубе айтамын,
Халқыммен жатқан мынау қауыштырып.
Термеңізге салайын келер кезек,
Екінші домбырамды ауыстырып.

Сені Мэлс, жаратты,
Айтыстағы серке ғып.
Ел ақыны болған соң,
Елбасына айтқан базына,
Жарасатын еркелік.
Алаңда алаң-алаң жұрт,
Ақ ала орда қонған жұрт.
Есілдегі елді айттым,
Жаңа астана қонған жұрт.
Елбасымыз Нұрағаң,
Жаңа қала салған жұрт.
Балғымбаев бірінші
Премьер болып барған жұрт.
Парасатты парламент,
Қалаулыға болған жұрт.
Астанам менің осындай,
Бақ жұлдызым жанған жұрт.
Есіл деген елім бар,
Ексе шыбық өнген жұрт.
Суырып сап айтайын,
Мейлі маған сенбеңдер.
Бес жүз мыңдай халқы бар,
Әлемге кеткен даңқы бар.
Бес жүзді таратып айтайын,
Екі жүз мыңы кешегі,
Хрущевтің көзін көргендер,
Тың игеріп келгендер.
Далаңда масақ тергендер,
Молаларды қопарып,
Нан өсіріп бергендер.
«Қарлаг» пен «Алжирде»,
Құрыпты ғой өлгендер.
Алматылықтар жүз мыңы,
Елбасыға еріп келгендер.
Шымкенттен жүз мыңы,
Саудаға ғана сенгендер.
Ал, енді қалған жүз мыңы,
Арқалық бүгін мұңды деп,
Қонысбай қоныс қылды деп,
Торғайдан ауып келгендер.
Тірегі болсын елімнің,
Айналайын, Елбасы.
Діңгегі болсын дінімнің,
Төрде отырған Дінбасы.
Суырып салып айтайын,
Құрышың қанып тыңдашы.

Ал, енді осы термелеп,
Торғайдың мұңын, Мэлсжан,
Дәл өзім құсап жырлашы.

Мэлс:

Жырла десең-ай, Балғынбек,
Қалай да қарап қалайын.
Қол соғып алдымда,
Қаптаған мынау ағайын.
Ағайынмен қол соққан,
Алыс-жақын ағайын.
Шайды айтқанға сөкпегін,
Ішіп те жүрсің талайын.
Өзің құсап тағы да,
Жан-жағыма қарайын.
Қолымда жалғыз домбырам,
Ауыстырмай салайын.
Кедейден бүгін қарасаң,
Балпаңдап жүрген байлар көп.
Сондайлардың ішінде,
Болып та жатқан майдан көп.
Майданның жөнін сұрасаң,
Келе жатқан сайлау көп.
Біреулер оны ойлайды,
Қарындарын майлау деп.
Біреулер тағы ойнайды,
Төрт жыл сонда отырып,
Несібесін шайнау деп.
Әке-ау, бұл кім деп қарасаң,
Сөзінде оның байлау жоқ.
Тағы бірі өкінген,
Қолыңда қазақ қайран деп.
Елбасы менен еліме,
Шығардым өлең ойдан көп.
Бір сөзімде тұрамын,
Мен сен құсап айтыста,
Табаным бүрсіз тайған жоқ.

Қазағым қастерлеген табандыны,
Адалдықпен өрілген адамдығы.
Жаңағы өзің айтқан, өзім айтқан,
Жүйкеге түсіп тұр ғой заман мұңы.
Желден жүйрік заманға тап болғанда,
Жылқының қор қылады шабандығы.
Іңірде жын-шайтанға тап боласың,
Жарықта ойламасаң қараңғыны.
Бір-бірімен жауласып жатқандардың,
Интернетке жүгірту мамандығы.
Досқа күлкі, дұшпанға таба болар,
Надандығын жеңе алмай адамдығы,
Бұл іштен ірітудің айласы ғой,
Немесе ол шет елдің қараулығы.
Ағасын інісіне айдап салған,
Жымысқы саясаттың баяулығы.
Балғынбек, саған қарап мен отырсам,
Ағаңның шаршатпасын жаяулығы.
Қазақтың жауы қазақ болмаса екен,
Өтініш қылып айтам саған мұны.
Байлығың мырыш та емес, күріш те емес,
Байлығың басыңыздың амандығы.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз