Мэлс пен Балғынбек айтысы (8-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Балғынбек Имашев · 2 мин оқу
Қабақтарың қалыпты қыраулана.
Бәріміз де адамбыз, Балғынбек-ау,
Жүретін бас қатырып бір айлаға.
Атамыз Адам Ата Сафиолла,
Хауана оған жалғыз сыңар ғана.
Адамдар қателесіп жатады ғой,
Қателік жасамайтын Құдай ғана.
Ақын да болсаң Балғынбек,
Алдында жұрттың өрлеген.
Шындықты айтып шыңғырдың,
Бұрын да естіп көрмеген.
Сөйлейсің бізге сын тағып,
Жарысып жүргін желменен.
Қабағыңды түймеші,
Одан да сен билеші,
Мына отырған елменен.
Ақын болсаң інім-ай,
Жарысарсың желменен.
Жырменен көсіп қостадың,
Көңілің шалқып көлменен.
Көңілің шалқыса көлменен,
Бірге де болар елменен.
Басы аман болғанның,
Өмірде сірә өлмеген.
Жалғастырып айтарсың,
Суырып салып термемен.
Балғынбек:
Әрине, жалғыз ұлы Хақтағала,
Ау, Мәке, ұқсамайсың ақ табанға.
Баяғы бабалардың салты емес пе,
Осылай бір мақтап, бір даттағанда.
Бірақта ешбір ақын бара қоймас,
Азаттықтың ақ туын таптағанға.
Менімен көмір қазып не қыласыз,
Не жетсін абыройды сақтағанға.
Бірлігімнің қадірін білер ұлтқа,
Сабақ қой кешегі өткен «Ақтабан да».
Енді хан қайсың барсың деп сұрайсың,
Нені айтасың патшаны айтпағанда?!
Бағанадан не айтып мен отырмын,
Бұл Мэлс ниетінен қайтпаған ба?
Қозғайын ескі ертекті есімдегі,
Айтайын Елордамды Есілдегі.
Тыңның 50 жылдығын атап өттік,
Болған соң үкіметтің шешімдері.
Қанша мақтап жүрсек те масаттанып,
Ол той бірақ ызғарды өшірмеді.
Хрущев өсірем деп бір уыс шөп,
Құртыпты құнарымды төсімдегі.
Даламдағы қырыпты дарындарды,
Санамдағы сәулені өшіргелі.
Жерім түгіл діліммен тілді құртты,
Қаптаған келімсекті көшіргені.
Мэлстей теріс сөзді айтқаным жоқ,
Нұраға, артық айтсам кешір мені.
Ақ патша білесің ғой құрық салды,
Ұмыттың әдет, салт-ғұрыптарды.
Қаралардың барлығын құл қылыпты,
Парамен ауыздықтап ұлықтарды.
Қазақтарды көшіріп шөлейттерге,
Басына әз халқымның бүлік салды.
Ақ патша ештеме емес, Советтер кеп,
Ау, Мәке, сағымыз шын сынып қалды.
Үш жүз жыл Ақ патша түк жасамады,
Никита үш-ақ жылда құрық салды.
Никитаның қулығы қазағымды,
Никотиннің уындай қырып салды.
Сайлауды сен айттың ғой біз білетін,
Кандидаттың білесіз шын ниетін.
Ауылға аттың басын бұрады енді,
Әдеті депутаттың дүрлігетін.
Қасында бата бергіш молдасы бар,
Әртісі бар елді алдап күлдіретін.
Атым озсын деп тілер аталастар,
Бармақ басып, көз қысып бір жүретін.
Аталастан асатын рулас бар,
Жиылып құмға кеме жүргізетін.
Мәселен, шай үстінде мәжіліс қып,
Иілместі пұлменен идіретін.
Қатындарға қант-май үлестіріп,
Шалдарға бір-бір шапан кигізетін.
Алтау ала болған соң аузым жырық,
Осы ғой жанымызды күйдіретін.
Сайлау деген сор болды бұл қазақты,
Ел ішін ала тайдай бүлдіретін.
Жекпе-жек сынайды ғой төзімдерді,
Демегін бұл Балғынбек сезімге ерді.
Өткен сайлау, ағайын, сабақ болсын,
Суайттар үйіп-төгіп сөзін берді.
Жарылқаймын дегендер жалт бұрылып,
Серттен тайған серкені көзім көрді.
Екінші рет алдандың аталасқа,
Тербеген соң туыстық сезімдерді.
...................................................
Байқадың бауырдан да безінгенді.
Алла айдап алдыңа қайта келер,
Сайлаушым сергек ұста өзіңді енді.
Төрт жылда төрде отырып не тындырдың,
Деп есеп сұрайтұғын кезің келді.
Ұйқыда жата бермей оян қазақ,
Мойынға шығармайық жебірлерді.