Мэлс пен Балғынбек айтысы (4-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Балғынбек Имашев · 2 мин оқу
Ханды айтасың, Жәңгірдей байды айтасың,
Айтысқа кеп қайдағы жайды айтасың.
Суырып салатының жалғыз шумақ,
Айтысқа келген сайын шайды айтасың.
Отырып шежірені шертіп кетіп,
Саяси астары жоқ ойды айтасың.
Шырылдап Елбасына шындық жайлы,
Айтыста айтпағанда қайда айтасың?
Түсінер жігітсің ғой сөз бағасын,
Шоқ түсіп шабыттансаң қозданасың.
Батысыңнан айналдым дауыс берген,
Кім жаман болсын дейді өз баласын.
Өмірі саясатқа жоламайсың,
Несіне шежірені созбалайсың.
Мен саған енді бүгін бағыт беріп,
Аузыңа салайыншы сөз жаңасын.
Саяси белсенділік өршіп тұр ғой,
Партиядан партия қоздағасын.
Сауатты жігітсің ғой сайлау жайлы,
Мэлстің білсін халық көзқарасын.
Мэлс:
Балғынбек тілің сенің неге қотыр,
Білмеймін қай әзілдің себебі отыр.
Мен шайды айтсам, өзіңді ішсін дедім,
Сондықтан әр сөзімді елеп отыр.
Жәңгірге айтқан датты айтып едім,
Мен не дедім, домбырам не деп отыр.
Бұл Бәкең сөйлегенде тіптен батыл,
Білмеймін қай жағынан күш кеп жатыр?
Аман-есен барған соң ауылыңа,
Қайтадан келінжанды құш деп жатыр.
Сайлау деген саяси ойын болар,
Үміткерлер қарасаң тіптен батыл.
Ақындар да айтыста бәрін айтып,
Әкімдерді шетінен түс деп жатыр.
Храпунов «жездемізден» бастап тұрып,
Аласы мен құласын түстеп жатыр.
Парламентте отырған депутаттың,
Бір-бірлеп тірсегінен тістеп жатыр.
Біз де сондай депутат боламыз деп,
Пысықтар жүгіріп жүр іскер, батыр.
Сол пысықтар бүгінде жанталасып,
Күзге қарай алмаға піс деп жатыр.
Піссең де, піспесең де содан кейін,
Тезірек аузымызға түс деп жатыр.
Демессің сен сөзімді пайдаландың,
Отырып жайбарақат жай қарармын.
Осындай қызық науқан келе жатыр,
Дегендей қазығында айналармын.
Ал енді ойымызды сұрар болсаң,
Мен қалай намысымды қайрамаймын.
Солардың мен сенбеймін біреуіне,
Сондықтан да ешкімді сайламаймын.
Балғынбек:
Маңмаңкерім, Мэлсім,
Мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Сеніменен айтысқан,
Айбек деген аты бар,
Ханға айтқан даты бар.
Естіп тұрып естімей,
Көріп тұрып көрмейсің.
Әкімге сілтер сойылды,
Ініңе неге сермейсің?
Сөзіңе халқың сенгенмен,
Өзіңе өзің сенбейсің.
Мэлс, Мэлс дегенге,
Мастанып қызып терлейсің.
Өткен жолғы жарыста,
Берілмей жалған намысқа,
Айбек деген арысқа,
Торғайдан шыққан барысқа,
Жолыңды неге бермейсің?
Патшаға Айбек дат айтты,
Алып-қосқан түгің жоқ.
Жәңгір ханға Махамбет,
Дат айтты деп айтасың,
Оған да тартқан түгің жоқ.
Патша түгіл Парламент,
Өкіметке үнің жоқ.
Парламенттің арқасы,
Батыраштың балтасы,
Жаназасын шығарды,
Менің де енді тілім жоқ.
Тілімсіз енді күнім жоқ.
Шендінің бәрі парақор,
Шенсіздің бәрі жалақор.
Ұлтым дейтін ұлым жоқ,
Ұлт деген тіпті ұғым жоқ.
Жаңа байлар көбейді,
Шалағайлар көбейді.
Астарында «мерседес»,
Бастарында білім жоқ.
Ұлтым деген ұлың жоқ,
Қыздарыңда қылық жоқ.
Сен жайбарақат отырсың,
Секілді бір мінің жоқ.
Осылай көсіп айтпасам,
Ақындық менің құным жоқ.
Айтысты көріп отырса,
Сенгені елдің бір құдай,
Жалғыз сенің мінің жоқ.
Үкімет шықты білесің,
Байлықтың бәрін сатам деп.
Сен отырсың мақтанып,
Махамбет менің атам деп.
Жәңгірге дат айтқандай,
Нұрсұлтанға дат айтқан,
Айбек қой нағыз Махамбет.
Қатты айтты деп ренжіме,
Басыңды неге шайқайсың?
Балғынбектің шабысын,
Енді бүгін байқайсың.
Інілер келсе алдыңа,
Қуып жүріп жайпайсың.
Жайпай бермей ініңді,
Дінім менен ділімді,
Осылай неге айтпайсың?