Мэлс пен Балғынбек айтысы (3-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Балғынбек Имашев · 2 мин оқу
Таң қалам Мэлс саған, мың ойланып,
Әр сөзге жабысасың сынай қалып.
Үйіңде де, қалтаңда телефон жоқ,
Өзіңе іздеу салсақ, сұрай қалып.
Усама Бен Ладендей ұстатпайсың,
Із-түзсіз жоғалдың сен бір ай неғып?
Кездесуге бір сағат кешіккенде,
Жүрсін ағам іздеді шыр айналып.
Қалтаңда «сымсыз» болса сандалмас ең,
Маметова көшесін мың айналып.
Апта сайын айтыстан жүлде аласың,
Жүрмеші ақшам жоқ деп жылай қалып.
Жылынып отырсаң да мұнай жағып,
Жарытпай қойған сені құдай неғып?
Мэлс:
Сен бүгін сахнаны көрікті еттің,
Толғасаң сары майдай еріп кеттің.
Ерініңді отырсың бүлкілдетіп,
Жүргендей сезіміне сеніп көптің.
Балғынбек, сұрап жатса берерсің деп,
Бен Ладенге телефонды беріп кеттім.
Таулар да сілкінгенде тас төгеді,
Мақтанға ерген адам мас келеді.
Жан-жағынан шәуілдеп иттің бәрі,
Қасқырға дәл сондай-ақ қас келеді.
Қазақтан қасқыр мінез ұл тумаса,
Жұртымның жанарына жас келеді.
Мың жылда бір туатын батырлар бар,
Ұлтының қамын ойлап бас береді.
Аталардың аруағын ардақтаған,
Ұрпағы соларға арнап ас береді.
«Хан емессің қасқырсың» деп айтатын,
Махамбеттер не деген асқар еді.
Аталарға ұрпағы ұқсағасын,
Аузына ақындардың дат келеді.
Ұрпағы өте тумай кете туып,
Неліктен көңілдері пәс келеді?
Онсыз да айқай-шуы аз емес қой,
Айдынға шығарғанмен ақ кемені.
Қарайтын қазағыңа дүбірменен,
Біреулер осы сөзді хош көреді.
Ар жағында АҚШ тұр айтақтаған,
Оларға да белгілі тақ керегі.
Орнына дұрыс адам отырмаса,
Тақты да халық өзі қақ бөледі.
Заманның қарап тұрсаң ыңғайына,
Қара болып барады ақ дегені.
Әрине, сөйлемесе қандай тойда,
Мұндайда қызыл тіл мен жақ дегені.
Ақ патша сайлап қойған Жәңгір емес,
Елбасы алты Алаштың асқары еді.
Тәуелсіздік дейтұғын толғауменен,
Абылайға ұласқан дастан еді.
Үш жүздің басын қосып біріктірген,
Тәукедей тура жолға бастап еді.
Ақынның сөзі өзін көтерді ғой,
Қазақтың жайқалсын деп жас терегі.
Нұрсұлтан емес қазір Жәңгір болса,
Айбектің басын қағып тастар еді.
Балғынбек:
Жөн болар ел алдында ұрлықты айтқан,
Немесе ел ішінде бірлікті айтқан.
Бір атаның баласымыз деген Балғын,
Бәрімізді тұтастырар кіндікті айтқан.
Шырылдаған нәрсені жек көремін,
Бұл Мэлс қалай-қалай сұмдықты айтқан.
Сен бәлкім Айбекті де жек көресің,
Шырылдап ел алдында шындықты айтқан.
Бұл Мэлс не нәрсені ырымдайды,
Ешқашан ақиқатқа бұрылмайды.
Шежіре айтып кетесің айтыс сайын,
Інілер оныңызды ұғынбайды.
Жек көрем деп ағасы қалай айттың,
Періште сәбилер де шырылдайды.
Жайықта жігіт еді Мэлс әйбат,
Кейбіреу сөз айтады кеміс ойлап.
Дауысын берсе, ел береді бұл Мэлстің,
Кінәсі жоқ, жүрмейік теріс ойлап.
Ғылымның кандидаты атағың бар,
Мұныңды мойындайды тегіс аймақ.
Жинаған даусыңа қарағанда,
Насихатты жүргізген жеміс әйбат.
Кандидат боп сайлауға түсе қалсаң,
Жайығың жібереді сені сайлап.
Мен ақымақ Мэлспен айтысқанша,
Жүргенім жақсы еді ғой теннис ойнап.