Төле би мен Тайкелтір бала
Төле би · 2 мин оқу
Төле бабамыз өзінен кейінгі би, шешендерге талай тәрбиелеген ара би ұстаз боп өткен. Ол талай жас билерге бата берер батагөй ел ағасы болған екен. Бұған Тайкелтір шешеннің тала баулығанын дәлел етсек те жеткілікті.
Тайкелтір шешен жас кезінде жоғалған бір тайлағын іздеп кездейсоқ Төле бидің үйіне тап болады.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам! Сен кімнің баласысың?
– Айдаболдың баласымын.
– Балам, атың кім?
– Тайкелтір,
– Әкең саған болмас ат қойғаны қалай?
– Тақсыр, әкем мен жақсы болсам, ата-бабаға атақ-абырой ат келтірсін, жаман болсам, тай келтірсін деп қойған болар.
Төле би он екі жастағы баладан мұндай жауап күтпеген еді. Баланың тайсалмай жауап беріп тұрғанын ұнатып, қалың қабағын көтеріп тесіле қарапты.
– Балам, жәй ел қыдырып шықтың ба? Бел сыдырып шықтың ба?
– Бір тайлағым ауа жайылып желдеп кетіпті, соны іздеп Шу бойындағы қалың елді сүзіп келемін.
– Балам, тайлағың табылар. Құдай айдап, ойда жоқ жерде біздің үйге кез болдың. Осында қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет. Әкең досым еді, ол Шудың аяғын, мен Шудың басын жайлап жатушы ек. Көптен қатыса алмай жүрміз. Әке, шешең аман ба?
– Шүкір, ата, сіз ұйғарсаңыз қонайын, – дейді бала.
– Бәйбіше, Тайкелтірге қымыз құй, күн ыстық, шөлдеп келген шығар, – дейді Төле жанындағы жұбайына бұрылып.
Бәйбішесі қымызын сапырып, алдын Төлеге ұсынып, екінші тостағанды балаға бергізеді, одан соң қымыз төрде жағалай отырған ақсақалдарға беріледі.
Төле бидің сөзін ұйып тыңдап отырған шалдарға, оның осы бір балаға сонша ілтипат көрсеткені, адам тіл қата алмайтын Төлеге баланың тақылдап жауап беруі оларға шаншудай тиіпті. Бірақ Төледен батып ешкім ештеңе айта алмайды.
Қымыз ішіліп, дастарқан жиналған соң қонақтарды күтіп жүрген орта бойлы дембелше жігіт бір сарбасты босағадан көлденеңдетіп «бата беріңіздер» дегенде, төрде күнімен қымыз алып отырған ақсақалдар ыңғайланып қолдарын көтере береді. Қонақ бала батаға кол көтермейді.
– Балам, неге колыңды жаймайсың?
– Мен бұл қойдың батасына қол көтермеймін, – дейді Тайкелтір байыппен. Шалдар «неге, неге» десіп қалады, Тайкелтір күле сөйлеп былай жауап береді.
– Қой сіздерге арналса, баталарыңызды беріп сойғыза беріңіздер. Ал егер матан арнап әкелінген мал болса, батасын өзім беремін. Бірақ әлгінде Төле атамның «әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген сөзі бар еді, мен бұл койдың кімнің сыбағасы екенін түсінбей отырмын.
Төрде отырған қаба сақал қара шал не айтарын білмей сасқалақтап біресе Төлеге, біресе жанындағыларға жалтақтай карай береді.
– Өзің бір тақылдаған пәле екенсің!
– Ата, мен пәле емес, баламын.
Бағанадан үндемей сөз сарынын байқап отырған Төле Тайкелтірдің мына сөзінен амалсыз тосылады.
– Иә, Тайкелтір балам дұрыс айтады, әкесінің сыбағасын жеп кет дегенім рас. Айдаболдың осы дастарқаннан жылда жеп жүргені тоқты торым емес, қыстату бие, жазда – құлын, тай болатын. Бар! Қойды қоя бер де, жылқыдан бір құлын алып кел!..