Сырым мен Байсал
Сырым Датұлы · 2 мин оқу
Байбақты Сырымның қызын Алаша Байсал би көп мал беріп баласына айттырады. Бұлар бірнеше жыл өткеннен соң Байсалдың баласы Сырымның қызын алмайтын болады. Байсал Сырымға кісі жібереді.
– Балам қызыңды алмаймын дейді, менің берген малымды қайтарып берсеңіз екен, – деп.
– Мен Байсалдың малын бағып беруге алғаным жоқ, алса қызымды берем, алмаса өзі білсін, – дейді Сырым.
Сонан кейін екеуі хан алдына барып айтыспақ болады. Екеуі жолда келе-жатып кеңеседі:
– Ханның. аулында жақсы да, жаман да жиналған, ел көп болу керек, екеуміз барып ханға жүгінуіміз жараспас, біз Атақозы биге барып соның үкіміне риза болсақ қайтеді, – деседі.
Бұл байлауға риза болысып, аттарын бұрып, Атақозы-ның ауылына келеді. Атақозыға жай-мәністерін айтқаннан кейін, Атақозы айтады:
– Сіз екеуіңіз белгілі Сырым менен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай-ақ, екі-үш ауыз сөзбенен қыбқаша жұмыстарыңызды айтыңыз, – депті. Сонда талап иесі Байсал мына сөзді айтыпты:
Қозеке мен Сырымға құда болып едім даңқымен,
Араласып сыйласуға халқымен.
Бес жиырма мал бердім,
Бұрынғы ата-бабамның салтымен.
Қалы кілем қара нарға жауып бердім,
Арғымақ жылқының асылын тауып бердім,
Алтын дегенім мыс шығып,
Күміс дегенім жез шығып,
Сондықтан малымды іздеп келген талапкермін.
Сонан соң Сырым айтады:
Байсалдың менімен құда болғаны рас, даңқыммен,
Араласып сыйласты да халқыммен.
Бес жиырма мал бергені рас,
бұрынғы ата-баба салтымен.
Мұның баласы үш жыл қалыңдық ойнады,
Құлындай байлады, тайдай жайлады.
Бар мақсаты біткен соң,
енді алмаймын деген қиял ойлады.
Мен бнысына көнбедім,
Сіздей әділ биді іздедім.
Төресін әділ берер деп,
Осы еді алдыңызға келгенім,
Атақозы диуанды Сырымға беріпті.
Мұнан кейін «Сырым мен Байсал Атақозыға жүгініп, Атақозы диуан беріпті» деген сөзді хан естіпті. Хан бұларға ашуланып, Сырым мен Байсалға еш нәрсе айта алмай, Атақозыны шақыртады. Атақозы ханның аулына келсе хан үйінің алдында жүр екен. Атақозы келіп аттан түсіп, «бас тақсыр» деп, ханның қолын алады.
Сонда хан қолын ұстап тұрып, «ойда орысты, қырда қазақты олжалап жүрсең де, шыр бітпеген бір қасқа екенсің ғой» – депті де, «үйге жүріңіз» деп жүре беріпті. Сонда:
– Тақсыр, тұра тұрыңыз, үйге әлгі сөзіңіздің жауабын беріп кірейін депті де, ханның етегінен ұстай алып, мына сөзді айтыпты:
– Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлімді жерде молда семіреді.
Қаралысының алдында қатын семіреді,
Халқының қамын ойламаған хан семіреді.
– Сіздің семіз болуыңыз халық қамын ойламағаныңыздан болар. Мен қайтсем топтан торғай шалдырмаймын деп, қазақтың жалғыз тайын қалмаққа алдырмаймын деп, бір түнде тоғыз оянамын, тоқсан толғанамын, маған қайдан шыр бітсін, – депті.
Хан жұмған аузын аша алмай үйіне кіргізіп, қонақ етіп, сыйлап шығарып салыпты.