Қараша үйдегі қонақтар
Жиренше шешен · 1 мин оқу
Бес-алты аттылы жолаушы бір ауылға жетіп, шеткері тұрған қараша үйге ат басын тірепті. Жолаушылар ол үйдің Жиреншенікі екенін білмепті.
– Оу, кім бар бұл үйде, қонақпыз! – депті. Сонда Жиренше:
– Екі қой жеймін десеңдер, түсіңдер, бір қой жеймін десеңдер басқа үйге барыңдар! – депті. Қонақтар:
– Бұл өзі сақы мырза жігіт екен, қонсақ қонайық осы үйге, – деп, аттарынан түсіп, үйге кіріпті. Үй иесі жалғыз буаз саулығын жетектеп келіп «лә аумин» деп бата сұрапты. Қонақтың бірі:
– Мына саулығын желіндеп туайын деп тұр ғой, бойдақ қойың жоқ па еді? – дегенде, Жиренше:
– Бойдақ қойы бар болғыр жоқ еді, – депті. Бағана айтпап па едім, «Екі қой жеймін десеңдер түсіндер, бір қой жеймін десеңдер басқа үйге барыңдар деп».
Жолаушылар:
– Қой болмас, – деп аттанып кетіпті де, басқа үйге барып қоныпты. Сұрастырып қараса, әлгі «Екі қой жеймін десендер біздікіне түсіндер, бір қой жеймін десендер басқа үйге барыңдар» деген адам Жиренше екен.