Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Ханда қырық кісінің ақылы болады»

Жиренше шешен · 5 мин оқу

«Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген қағиданы Әз Жәнібек әрдайым есінен шығармайды екен. Ол өз төңірегіндегі би-шешен, уәзірлерін үнемі сол нақылмен сынап, тексеріп отыратын көрінеді. Бір жолы өзінің 40 уәзірінің ақыл-парасатын сынап көрмек болып, оларға «Өтірік пен шынның арасы қанша, соны айтыңдаршы» деп, 40 күн мәулет беріпті. Мұны Жиренше шешен де естіпті. Бұл сөзді біреу білетін шығар, соны іздеп табайын деп жаяу, жалғыз елден-елді кезіпті. Кезіп жүріп, бір үлкен қорғанды шаһарға жетіпті. Намаздыгер шамасында шаһар дарбазасына кіріп келе жатса, темір қоршаудың ішкі жағында астына қара көк ат мінген, басына дулыға, үстіне сауыт киген, белін буынып, найзасын жерге шаншып қойып, ер қаруы бес қаруды асынып алған біреу тұр екен. Кірген, шыққаның бәрі оған сәлем беріп өтеді. Тек Жиренше ғана амандаспай, тіпті мойын бұрмай өте беріпті. Сонда найзасын жерге тіреп, ат үстінде шіреніп отырған жігіт:

– Осы дарбаздан кірген, шыққан адам сәлем бермей өтпеуші еді, сен неге сол рәсімді жасамай, тіпті мойныңды да бұрмай өтіп барасың? – деді.

– Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме? – депті Жиренше. Бұл сөзге қарулы жігіт:

– Мына шаһардың жөнін білмейтін жан екенсің, кел атыма мінгес, біздікіне мейман бол! – дейді.

– Ертоқымды аттың алдын бізге, артын сізге бұйрық қылған ғой. «Ат иесі алдына мінеді» деген сөз тағы бар еді, жүр, үйіңе жаяу-ақ барамын, – депті Жиренше.

Екеуі атты, жаяулы болып мұның үйіне келеді. «Жігіт» өз бөлмесіне түседі де, Жиреншені мейманханасына кіргізеді. Мейманхана іші кірсе шыққысыз, жалғанның пейішіндей үй екен. Аққудай тізілген қыздар неше түрлі дәмге толы дастарқан. Бар сый-құрметтен соң әлгі мырза келіп:

– Қонағым әңгіме айт, – дейді.

– Біріміз бүтін, біріміз жарты, әңгімеміз жараса қояр ма екен? – дегенде, «жігіт» отыра алмай, ұялып шығып кетеді. Сөйтсе бұл жігіт деп отырғанымыз сол шаһардың патшасының қызы екен. Еркек киімін киіп, дарбазаның алдына тұрып, «келген-кеткенді сынаймын, сыныма төзген жанға тиемін» деп әкесінен рүқсат алған екен. Ал, келіп кетіп жатқан жолаушылар мұның әйел екенін білмей, иіліп сәлем беріп өтеді екен.

Жиренше көргеннен-ақ осы «жігіттің» атқа отырысынан әйел екенін біле қойып: «біріміз атты, біріміз жаяу» дегені «біріміз еркек, біріміз ұрғашы, қалай сәлем берісеміз» дегені екен. «Біріміз бүтін, біріміз жарты» деген сөзінен «әйел екенімді біліп қойды-ау деп сезіп, қыздың ұялып тұра жөнелген себебі сол екен. Қыз: «Маған білімі асқан жігіт кез болды, мені соған берсін» деп әкесіне кісі салдырыпты. Әкесі қош көріп, қабыл алып, жорға бие сойғызып, жоғары елді шақырып, үлкен тамаша той жасап, қызын Жиреншеге неке қиып қосыпты. Жиреншенің ақылгөй аяулы қатыны осы екен. Екеуі бір-біріне қосылып, құрмашаны сындырып, көңілдерін тындырып, мауқы басылған соң, Жиренше шешен «мен қайтамын» депті.

Қалыңдығы: «Сен қайда барасың, әкемнің менен басқа ұлы да, қызы да жоқ. Әкем өлген соң, мына дәулетке кім ие болады? – дейді.

– Жоқ, қайтатынымның мәнісі бар: «Әз Жәнібек» дейтін ханымыз өтірік пен шынның арасын айырыңдар деп, уәзірлеріне жарлық қылды. Уәзірлер соны таба алмай қанша күнге мәулет алысып еді. Ал мен соны білуші, шешуші болар ма екем деп іздеп шыққан жан едім. Үйден шыққандағы жұмысымды аяқтамай осында тұрып қалсам, «жоқ қарап жүріп, жасауылга тұрғанның» құдды өзі болғаным ғой! Содан соң менің адамшылығым қала ма?! – дейді Жиренше.

– Болмашы нәрсенің өзі адамға әлдеқандай қиын көрінеді екен-ау! Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі емес пе? Бұрынғылар айтпаушы ма еді «Өтіріктің түбі бірақ тұтам жер» деп. Оның мәнісі: көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік. Ендеше көзбен көрген анық, құлақпен естіген танық емес пе? – деді қыз. Жиренше қуанып:

– Бәрекелде, іздеген жоғым табылды. Енді мен мұны Әз Жәнібек ханға тезірек жеткізе қояйын, әйтпесе қырық уәзірін бекерден-бекер жазалап жүрер. Соларға арашашы болсам, тіршілігімнің бір мәні сонда емес пе? – деп қайтуға ыңғайланады. Жиреншенің кетеріне көзі жеткен соң қыз әкесіне кісі салады.

– Жат жұртқа жаралған әйелмін ғой, мынау күйеу бала ел-жұртына қайтамын – дейді, мені қалдырмасын, ұзатсын деп.

Әкесі қызының айтқанын құп көріп, алтынмен аптап, күміспен күптеп ұзатады, қастарына қырық уәзір қосып, «Қызымды берген күйеу баламның жері қандай, суы қандай, елі қандай екен, апарып салып, соларды көріп келіңдер!» – дейді.

Бұл жұрттан былай ұзап шыққан соң, Жиренше шешен: «Мен ілгері озып барып, ел-жұртымның аман есендігін білейін» деп жалғыз жүріп кетіп, еліне келсе, Әз Жәнібек сол күні «таптыңдар ма, жоқ па» деп уәзірлерін қысып жатыр екен. Олар таба алмаған екен. Таба алмаған соң жазаланбақ екен. Жиренше тұп-тура осы оқиғаның үстіне келіпті.

– Таксыр! Бұларды жазаламайтын болсаңыз, керек қылған сөзіңізді мен айтып берейін, – деп қалыңдығынан естіген сөзді бастан-аяқ айтып береді.

Хан Жиреншеге риза болып: «Маған бас уәзір болуға лайық екенсің» деп, өзіне бас уәзір қып сайлап, жабулы арғымақ, қалы кілем, қара нар, қамқа тон, тоғыз қылып сый беріпті.

Мұнан кейін: «Тақсыр арызым бар» дейді Жиренше.

– Айт, – деді Әз Жәнібек.

– Мен сондай жат жұртқа барып, бұйрық болып, бір ханның қызын айттырып қайтып едім. «Күйеуді еліне апарып салыңдар» деп қайын атам қасыма қырық уәзірін қосып берді. Олар жолда көшіп келе жатыр, мен сізге жетейін деп озып кеттім. Қандай оймен қосқанын кім біледі? Достықпен қосқан болса, жолынан қалдырмайық, дүшпандықпен қосқан болса, сыр алдырмайық, соларды орта жолда қайтарып жіберсек екен, – деді. Хан мұнысын ұнатып, қырық уәзіріне:

– Қырық ат, қырық шапан алып барып, мұның қонақтарын қайтарып жіберіңдер, – деп тапсырды.

Жиренше қырық уәзірмен қонақтарының алдынан шығып, ханның берген ат-тонын, тарту-таралғыларын тапсырып, қайырып жібереді...

Шешендік сөздер

Барлығы: 103 шешендік сөз

Тағы оқыңыз