Өзен жағасындағы үш адам
Жиренше шешен · 1 мин оқу
Хан өзінің нөкерлері және Жиренше бимен жол жүріп келе жатып, өзен жағасында отырған үш адамды көреді. Бірі қартаңдау, екіншісі орта жаста, үшіншісі жас жігіт екен дейді. Жанынан өтіп бара жатқан топқа үшеуі орындарынан тұрып сәлем қылады. Хан олардың бетіне аздап қарап тұрады да, ілгері жүре береді. Былай шыққан соң Жиреншеден:
– Әлгі үшеуі не ойлап қалды екен? – деп сұрапты. Сонда Жиренше шешен:
– Е, хан ием, не ойлаушы еді: шал жиырма бестегі кезін ойлап жүр. Орта жастағысы жер ортасы көктөбе, ер ортасы сұр жебе. Көктөбеге жетіп, алды артына қарап, бір дем аласың. Сұр жебені тағы бір тартып, бел аласың! – деп тұр.
Ал, жас жігіт «анаған жетсем, мынаған жетсем, ананы алсам, мынаны алсам» деп, ойнақтаған ботадай дәрменсізденіп тұр депті. Хан атының басын бұрып:
– Қане, соларға қайта барып, енді өздерінен сұрап көрейік. Жиреншенің осы айтқаны рас па екен? – дейді. Келе бере шалдан:
– Әлгіде бізге жолыққанда не ойлап тұрдың? – десе, шал:
– Жиырма бестегі шағымды ойлап тұр едім, тақсыр! – депті. Ортаншысынан сұраса:
– Жер ортасы көктөбеге жетіп, алды-артыма бір қарадым. Ер ортасы сұр жебе деп, тағы бір толғап тартсам, сөйтіп бел алсам деп едім депті. Жас жігіт тұрып:
– «Анаған жетсем, мынаған жетсем» деп, көңілім ойнақтаған ботадай алабұртып тұр еді, – дейді. Хан қасында тұрған Жиреншеге қарап:
– Сен білгір де данышпан екенсің, бұдан былай менің оң жағымда отыратын бас биім боласың, – деп оған ризашылық білдіріпті.