Әйтекенің Төле мен Қазыбекті келістіруі
Әйтеке би · 1 мин оқу
Бірде екі ел арасында жесір дауы басталып, жанжал шығады. Екі жақтың адамдары Төле би мен Қазыбекке жүгінеді. Қазыбек:
Аға болып алдымен туасың,
Барымталап жылқымды қуасың, –
десе, Төле би оған:
Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің? –
деп өкпе айтады. Екі би ұзақ сөз жарыстырады. Сонда ортадан Әйтеке би тұрып:
– Сабыр етіңдер, ағалар! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген – ағын су,
Алдын ашсаң, арқырар.
Ақыл деген – дария,
Алдын тоссаң, тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады,
Төле, сен жылқысын қайыр!
Қазыбек, сен жесірін қайыр! –
деп екі биді келістіріпті. Ел Әйтекенің бұл билігіне разы болып, екі жағы бітімге келіпті.