Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Едіге би мен Тоғас би

Едіге би · 5 мин оқу

Он оннан жиырма кісі Едіге бидің үйіне екі рет келіп түсе қалыпты. Едіге алғашқы келген он кісіге бөлек үй тіктіріпті. Соңғы келген он кісіге күрке тіктіріп беріпті. Қонақасыны жақсылап беріп, ол күні тынықтырып, ертеңіне қелген меймандардың жұмыстарын сұрапты.

Сонда меймандар:

– Ұлы жүз үйсін Тоғас бидің елінің адамдарымыз. Өзді-өзіміз даулымыз. Ұрыс, төбелес болып, бір қатын бала тастады. Соны құрым кигізге тігіп алып, өз еліміздің биі Тоғасқа барып едік, ол кісі: «Көз таңбалы арғында Манас би деген бар, соған барыңдар» деді. Манас биге келіп едік, ол «Қаздауысты Қазыбектің баласы Бекболат биге барыңдар» деді. Оған барып едік, ол: «Кеше үш жүздің басы қосылғанда Үйсін Төле бимен ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен бітірген Едігеге барыңдар» деп сізге сілтеді. Жүрген жайымыз осы, – десті.

Едіге екі даугерді алдына алдырып, құрым кигізге тіккен баланың кигізін сөктіріп, баланы алып көрсе, түсік екен. Анық бала болған жоқ екен. Бас, қол, аяқ мүшелерден белгі жоқ. Ортан қол, сұқ қол секілді екі (егіз) бала екен. Сонда Едіге былай деп төре беріпті:

– Мұнда бастайтын бас жоқ, көретін көз жоқ, ұстайтын қол жоқ, жүретін аяқ жоқ. Он екі мүше түгелденген жоқ екен. Сондықтан, бұл адам есебіне қосылмайды, бұған құн бұйырылмайды. Бірақ ата-бабамыздан қалған сөз бар еді: «Даушы құр қалмайды, жаншы құр қалмайды» – деген. Бұған айып керек, ұрыс-төбелес болғандығы үшін, таяқ жеген қатынға жақтас болғандардың ат бастатқан тоғыз айып тартыңдар. Қатынды ұрғызғанға жақтасқандырың түйе бастатқан тоғыз айып тартыңдар. Бір тоғызды Тоғас бидің босағасына байлаңдар, бір тоғызды Манас бидің босағасына байлаңдар. Бекболат екеумізге бітіріп, тындырып қайырған абырой да болады. – депті. Екі жағы да риза болып, бұл бітімді Бекболатқа барып айтты, Бекболат: «Уа, пәлі! Әділ бітім!» – деді. Тоғас, Манас билерге барып айтып еді олар да «уа, пәлі!» – десті.

Тоғас би Едігенің бітім сөзіне риза болғандықтан қыс ішінде Едігеге он жігіт жібереді.

– Едігенің қызы болса, құда түсіп келіңдер. Егер қызы жоқ болса, бізден қыз айттырсын деңдер. Құдалыққа шақырып келіңдер, – деді.

Едігеде қыз болмапты. Қиғара деген ұл баласы үйленбеген екен. Соған үйсін Тоғас бидің Нақ деген қызын атастырып, жаз шыққан соң елдің жайлауында, биенің байлауына қарсы келіп, құда түсіп қайтындар деп шақырып қайтыпты. Едіге би бұлардың жолы құры болмасын деп, он кісіге он ат мінгізіп, он қара құлын жарғақ кигізіп қайырыпты. Жарқырап жаз шыққан соң. Күркіреп күз шыққан соң, Едіге бірнеше адамдармен Тоғас бидің еліне барыпты.

Тоғас бидің елі аққан судың бойында екен. Ине шаншар бос жері жоқ. Өзенге сығылыса қонған ел. Азан-қазан, қымғуыт-шымғуыт болып, күңіреніп шулап жатқан бір ел. Жолаушылар аң-таң қалып, Тоғас бидің үйінің сыртына түсіпті.

Тоғас би келіп құшақтасып көрісіп, амандық айтысып болған соң, Едіге биден:

– Бұл у-шу, аласапыран, дабырлаған немене? – деп сұрады.

Оның мәнісі бар. «Қаһары қатты Жәңгірхан деген ханымыз бар еді, ханның жалғыз баласы бар еді. Сол жалғыз баланың өлгеніне бүгін сегіз күн болды. Жалғыз баласы өлген соң, хан елге жарлық қылды:

– Төрт түлік малдың енесін судың бір жағына қойып, төлдерін- бір жағына қойыңдар. Қозыны қойға, бұзауды сиырға, құлынды биеге, ботаны түйеге жамыратпаңдар. Мен қандай аңырасам жан-жануарлар, хайуандар да мендей аңырасын, зарласын, – деп бұйырды. Сол жарлық бойынша, төрт түлік малдың баласын енесіне жамыратпағалы мал шулап, азан-қазан болып тұрған соң, халыққа не береке, не тыныштық болсын? Хан өзі содан бері нәр сызбай, төсектен басын да көтермей теріс қарап жатыр. Ешбір жанның сөзі құлағына кірмейді, дыбыс та бермейді. Ел мен малдың қымғуыт-шымғуыт болып түрған мәнісі сол! – депті Тоғас би.

Едіге би:

– Ханның өзі құдайға құл, Мұхамедке үмбет пе? – деп сұрапты.

Тоғас би:

– Әрине, құдайға құл, Мұхамедке үмбет, – депті.

– Ендеше ертең оның басын төсектен шошып оянғандай қылып көтертейін, – депті Едіге. Тоғас би:

– Оңалар істің басына, жақсы келер қасына дегендей, жақсы келдіңіз. Бүгін қонақ асыңызды ішіп-жеп, жайланып тынығыңыз, – дейді. Таң атқан соң Тоғас Едігені ертіп ханның ордасына барады. Хан қарамайды бұларға, дыбыс та бермейді. Сонда Едіге би шарт жүгініп отырып, ханға көңіл айтыпты:

– Ақсұңқар ұшты ұядан,

Қол жетпейтін қиядан.
Ақсұңқар қолдан ұшты,
Алланың әмірі күшті.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қияғы бүтін сұңқар жоқ.

Тұлпардың тұяғы, тасты басса кетілер, Сазды басса жетілер. Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті, Құс маңдайлы, жез таңдайлы бір тұйғын Балақ бауын үзіп тұғырдан ұшты. Ей, хан!

Құдайдың саған бір жабдығы түсті. Мойның жуан көтересің,
Түскен ауыр істі. Көтермеске лажың бар ма,
Оны алған құдай онан да күшті.
Көтер хан басыңды! Босатпа беліңді,
Мұңайтпа еліңді.
Тозбасты ұста соқпайды,
Өлместі құдай жаратпайды! –
депті.

Сонда хан төсектен басын жұлып алғандай көтеріп, Едігеге ежірейіп қарапты.

– Көз таңбалы арғында Едіге деген бір жас бала бар деп есітіп едім, сен солмысың, басқамысың, әйнем! Жөнінді айтшы! – депті. Едіге: «Болсақ болармыз!» – дейді.

Уа, қарағым! Көңіл«айтқан аузыңнан да айналайын, сені тапқан анаңнан да айналайын! – депті хан. – Балам өлгелі сегіз күн болды, осындай бір сөз айтып, көңіліме тигізген жан жоқ. Балам тірілгендей көңілім тірілді, Еді-гежан! Енді менің осы қайғым қайтсе кетеді! Не қылсам бұдан құтыламын? Менің қайғымды көтеріп, орнымнан біржолата түрғызып кете гөр, шырағым! – депті. Сонда Едіге:

– Ей, хан! Сенің бұл қайғың

Жиылған көптің тобында қалады,
Атылған мылтықтың оғында қалады.
Қыран құстың қияғында қалады,
Жүйрік аттың тұяғында қалады.
Аққан судың бойында қалады,
Сұлу жардың қойнында қалады.
Өлім деген өзекке түскен өрт емес пе?
Оны сөндіретін ойын, күлкі, сауық қой!

«Ит өз құйрығын өзі алып жүрмесе, оның құйрығын кім көтеріп жүреді» деген, бұрынғының сөзі бар емес пе? – депті. Сонда хан төсектен ұшып тұра келіп:

– Өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды ғой! – депті.

Едіге сонан соң төлдерді енелеріне жамыраттырып, елді айналасына шақырып алып:

– Қазаға разы, пәлеге сабыр деген, тақсыр! Айтылғанды істемесең, өз обалың өзіңе, қайғы мойныңда қалады, – депті.

Шешендік сөздер

Барлығы: 103 шешендік сөз

Тағы оқыңыз