Әз Жәнібектің Жиреншеге алғаш жолығуы
Жиренше шешен · 1 мин оқу
Әз Жәнібек хан жігіт кезінде өзінің бір топ достарымен серуен құрып келе жатса, алдынан бір аққұбаша бала кездесе кетеді. Жеті-сегіздер шамасындағы әлгі бала жалаң аяқ, үсті-басы жұлым-жұлым екен.
– Бұл елсіз далада неғып жүрген баласың?
– Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айрылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін.
– Інгенді тұсап қойсаң етті?
– Тұсап жүруші едім, тұсауы үзіліп кетіпті.
Жәнібек те жастайынан естияр, ақылды екен. Жетім баланың өлген шешесін жұмбақтап айтқанына түсіне қойыпты.
– Ее, сенің шешең өліп, ана сүтінен айрылған жетім бала екенсің ғой, кел атыма мінгес.
Жәнібек жігіт әлгі баланы атына мінгестіріп, үйіне әкепті. Жуып-шайындырып киіндіріпті. Ауыл адамдары оны түсіне қарап «Жиренше бала» деп атап кетіпті.
Болашақ екі дана жас кезінен-ақ осылайша кездесіп, өле-өлгенше бір-біріне ақыл-серік боп кетіпті, – дейді ел аңызы.