Қожанасырдың май сатып алуы (І түрі)
1 мин оқу
Бір күні Қожа май сатып алу үшін базарға барады. Әйелі оған бір кесе беріп:
—Мына кесеге еріген май құйғызып әкел,—деп тапсырады. Қожа май сатушыға келеді. Қожекең майды сауытының шамасынан көбірек алады. Ол майды кесесіне құйғызады. Бірақ май кесеге сыймай, асып кетеді. Сол жерде сатушы:
—Май кесеңе сыймайды. Қалғанын қайда құямыз?—дейді.
Қожа жалма-жан кесесін төңкеріп жіберіп:
—Қалғанын мына жағына құй!—деп, кесесінің түбін тосады. Майдың қалғанын кесесінің түбіне құйғызып, Қожекең сол бойында кесені ұстап үйіне келеді. Алдынан әйелі шығып:
—Майды мұнша неге аз алдың?—деп сұрағанда, Қожа:
—Жалғыз бұл емес, мына жағында да бар,—деп кесені тағы да төңкеріп қалады.
Сонымен, кесенің түбіндегі аз ғана май да төгіліп қалыпты.