Қожанасырдың кедейді жақтауы
1 мин оқу
Ертеде бір кедей жол жүріп келе жатып, бір байдың үйіне кіріп келеді. Сол кезде бай үйінде тамақ жеп отыр екен. Кедей:
—Мен жол жүріп, қарным ашып келеді. Жеп отырған тамағыңыздан ауыз тигізіңіз, байеке!—дейді. Бай:
—Менің саған арнаулы тамағым жоқ,—деп, жеп отырған тамағынан кедейге бермей, асыға-ұсыға жеп қойыпты. Жеп отырған тамағымның үстіне келіп, жемесең де, иісін иіскеп қалдың ғой,—депті.
Кедей мен бай осылай әңгімелесіп отырғанда, Қожанасыр келіп қалып:
—Неге көңілсіз сөйлесіп отырсыздар? Не болды сіздерге?— деп сұрапты.
Сонда кедей Қожанасырға баймен екеуінің арасындағы әңгімені айтып беріпті. Қожанасыр да бай мен кедей арасындағы болған әңгімеге тез түсіне қалып, байға:
—Байеке, менде көп ақша бар. Саған ақша керек болатын болса, мен саған қолымдағы ақшамнан, керек десеңіз, барлығын қарыз берейін,—депті. Сонда бай:
—Қане, көрсетші ақшаңды,—деп Қожанасырдан сұрайды.
—Қалтасындағы ақшасын суырып алып, байға көрсетсе, бай:
—Осы ақшаңды қанша болса да қарызға бер. Маған ақша өте зәру еді,—деп Қожанасырдың етегінен ұстап, жібермей жабыса кетеді. Сонда Қожанасыр:
—Ойбай-ау, саған бұл ақшамды бере алмаймын, өзімнің қаражатыма керек,—деп ақшасын тезден қалтасына сала салып:
—Ақшамның өзін алмасаң да, ең болмаса түсін көріп қалдың ғой,—деп Қожанасыр кедейді жақтаған екен.