Қожанасыр мен бақша иесі
1 мин оқу
Қожанасыр бір бақшаға кіріп, бақшадағы жемістерді жұлып, қабына салып алып жатқанда, бақша иесі үсітінен шығып қалып:
—Әй, сен мұнда неғып жүрсің?—дейді. Қожанасыр саспастан:
—Жаңа бір қатты құйын тұрып, осында ұшырып әкеп тастағаны. Өзімнің де басым әңкі-тәңкі болып тұр, ағайын, тым қатты айқайламашы!—дейді.
—Ал сені мұнда жел ұшырып әкеп тастасын, мына жемістерді кім жұлып тастады?—дейді бақша иесі.
—Мені құйын домалатып жүргенде қарманып қолыма түскеннен ұстап едім. Мүмкін сонда жұлынып кеткен болар,— дейді Қожа.
—О да солай болсын, ал мына қапқа жемісті толтырған да жел ме?—деді бақша иесі.
—Апыр-ай, осыған мен де таңғалып тұр едім, сен де дұрыс аңғардың-ау! Бірақ осында мені көтеріп әкеп тастаған құйынға бір қап жеміс бұйым ба? Сірә, жел көтеріп әкелген маңайдағы бір пақырдың еңбектеп жинаған қауыны мен қабы болар, мен арқалап ала кетермін!—дейді Қожа.