Қожанасыр мен би
1 мин оқу
Бір бидің сиыры Қожанасырдың еккен егінін жеп қойыпты. Қожанасыр бидің өзіне барып:
—Биеке-ау, бөтен біреудің сиыры екінші біреудің еккен егінін жеп тауысса, оның үкімі не болады?—деп сұрапты.
Би үлкен сары тысты кітабын қолына алып, ашып көріп:
—Сиырдың иесі шариғат жолы бойынша желінген егіннің құнын төлейді,—депті.
—Олай болса, сіз егіннің құнын төлеңіз. Сиыр сіздікі де, егін біздікі,—депті алақанын жайып.
—Иә, солай деңіз!—деп ойланып тұрып, қолындағы сары тысты кітапты былай қоя беріп, басқа бір кітапты алып, бетін аша беріпті.
Сонда Қожанасыр:
—Ашпай-ақ қойыңыз, тақсыр би. Сиырыңыз менің егінімді жегенше, қолыңыздағы көк кітапты жесе, анағұрлым тәуір болар еді,—депті.