Өз құнына сатып жібердім
1 мин оқу
Бір күні Қожа көк есегіне мініп, ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып келе жатса, бір байдың үйінің сыртында кермеде сәйгүлік аты байлаулы тұрады. Қожа қызығып кетіп, болдырып келе жатқан есегін кермеге байлап, атқа мініп жүріп кетеді.
Аулына келген соң ағайындары:
—Қожеке, мынандай арғымақ атты қайдан алдың?—деп сұрағанда, жөндеп жауап қайырмай, мұрнының астынан міңгірлеп:
—Қайдан алушы едім, сатып алдым,—дейді.
Арада бірнеше күн өткен соң Қожаның аты көзден ғайып болады, түнде біреу ұрлап кетеді. Ертеңінде ауылдастары Қожадан:
—Атың қайда?—деп сұрайды.
Сонда Қожа еш нәрсе білмеген кісі құсап:
—Өз құнына сатып жібердім,—депті.