Қожа мен үш сопы
2 мин оқу
Қожанасырдың заманында бір үш сопы жиһан кезіп, ел аралап жүріпті. Бір күні Қожа тұрған қалаға келеді. Сопылар: «ақылы, білімі асқан қала адамдарымен дидарласып, әңгімелескіміз келеді» деген тілек білдіреді. Еріккен жұрт Қожаны мазақ етіп: «бұл өз заманының сырттаны, әрі бұлбұл, әрі дүлдүл» деп үш сопымен кездестірмек болады.
Сарай алаңына жұрт жиналып, той-думан жасап, үш сопы мен Қожаны шақырады. Хабар келген соң-ақ, Қожа бөгелместен, асасын қолына ұстап, есегіне мініп алаңға келеді. Асқан білгірлік жасап ізет білдіріп жиналған жұртпен Қожа жақсылап амандасады. Патша ағзамға денсаулық тілеп, дұға қайрылған соң, Қожаға сопылардың бұйымтайы айтылады.
—Олай болса,—дейді Қожа,—алдымен дүдәмал мәселелерді шешіп алайық, дастарқан басына сонсоң отырамыз. Құлағым сіздерде, қандай сауалдарыңыз бар, айтыңыздар.
Сөзді бірінші сопы бастайды:
—Әпенде, айтшы, осы жердің ортасы қайда?
Қожа есегінің алдыңғы оң аяғын асасымен түртіп көрсетіп:
—Міне, осы менің есегімнің аяғы басып тұрған жер—жердің ортасы,—дейді.
—Оны қалай білесің?—деп сопы шап ете түседі.
—Маған нанбасаң, өзің өлшеп көр,—дейді Қожа,—артық я кем шықса, айтарсың.—Сопы сөзден жеңіліп, сырт айналып кетеді.
Енді екінші сопы сөз алады:
—Айтшы, көктегі жұлдыздың саны қанша?
Қожа іркілместен:
—Менің есегімнің түгі қанша болса, көкте сонша жұлдыз бар,—дейді.
—Сонша екенін қалай дәлелдейсің?—деп сопы қарсыласқанда, Қожа:
—Нанбасаң, санап шық, артық я кем болса, сонда келіп таласарсың,—дейді. Сопы өз сөзін айтып өзеуреп қоймайды:
—Әпенде-ау, есектің түгін санағанды неше атаңда көріп едің?
—Пәле, жұлдызды санап шыққан адамды сен көп көрген боларсың,—дегенде, сопының аузына құм құйылса керек.
Ендігі сөз кезегі үшінші сопыға тиеді:
—Қожа, мынаны айтып берші, менің сақалымда неше тал қыл бар?
Қожа ойланып жатпастан-ақ:
—Менің есегімнің құйрығында неше тал қыл болса, сенің сақалыңда сонша тал қыл бар,—дейді.
—Оны қалай дәлелдейсің?
—Ол оп-оңай,—дейді Қожа,—сенің сақалың мен есектің құйрығынан қылды бір-бір талдап жұла береміз, екеуі дәл бірдей шықпаса, менің айтқаным теріс-ақ болсын.
Сопылар Қожаның тапқырлығы мен даналығына қатты риза болып аттаныпты.