«Өлген де өзі, өлгенін келіп естірткен де өзі»
1 мин оқу
Бірде Қожа қала сыртында жүріп, бір нәрседен жаман қорқып, талып қалады.
—Өлген деген осы екен,—деп жата береді, бірақ сүйегін әкетуге ешкім келмейді. Жата-жата Қожа зерігеді, қарны аша бастайды. Сонсоң ол үйіне келіп, қалай, қайда өлгенін әйеліне айтып, өзі әлгі өлген жеріне қайта кетеді.
Әйелі бетін жыртып, шашын жұлып, жылап-сықтап, көршілеріне барып, Қожаның далада жүріп тосыннан қайтыс болғанын, денесі әлі далада жатқанын естіртеді. Көршілері қайғырып, Қожаның қайда, қалай өлгенін, кім келіп естірткенін сұрайды.
Сонда Қожаның әйелі:
—Қожа байғұстың жанашыр кімі бар? Өлген де өзі, өлгенін келіп естірткен де өзі,—деп, Қожа жатқан жаққа қарай жүре беріпті.