Тіріден өлінің күні артық
1 мин оқу
Бірде Қожа:
—Тіріден өлінің күні артық,—дейді.—Нағыз рахат өлген адамның өмірі: жатады, жұмыс істемейді, қатыны миын ашытпайды, шыбын шақпайды, тамақ ішкісі келмейді.
Осыны айтқан соң Қожа көзін жұмып тырп етпей, өлген кісі болып жатады. Шын өлген екен деп, Қожаның сүйегін жуып кебінге орайды, аяғын жалаңаш қалдырады. Сөйтіп, бейіт басына әкеледі. Қожа ақырын ғана бір көзін ашып, көрге сығалап қараса, түбі саз, ылғалды екен. Бетіне төменнен суық леп келеді.
Мұны көрген Қожа:
—Қой, ойбай, мына суық көрге жалаңаяқ түссем, тымау тиіп қалар, содан кейін бір ай бойы түшкіріп, пысқырып жүрем бе, тәйірі,—деп кебінін түріп алып, орнынан тұра сала алды-артына қарамастан, зымыраған күйі үйіне зытыпты.