Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылай хан (8-бөлім)

Бұқар жырау · 86 жол

Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт.
Қара түлкі қармалжын,
Қас сыпайы киген жұрт.
Ақсары атан аспалап,
Ел жайлауға шыққан жұрт.
Хақтың жолын күзетіп,
Жақсылықты ұққан жұрт.
Бас-аяғың бай болып,
Бәсеке дәурен сүрген жұрт.
Байтөбетің маңқылдап,
Байсал тауып үрген жұрт.
Туырлығың қара кіс,
Тура, тура болған жұрт.
Түтінге салса саспаған,
Шоралар сауықпен ішсе тауыспаған,
Ағар бұлақ сүтті жұрт,
Көп жылдарға бек сақтап,
Есен де есен болған құтты жұрт.

Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт.
Мамырасып ел болып,
Байсалды жайлау табылды.
Көлдей қамқа төсеніп,
Көрікті ханым түскен жұрт.
Ханым берген қамқа тон
Жырау киіп кеткен жұрт.

Іңкәрілер алшаңдап,
Ас пен тойға келген жұрт.
Көріп туған көкше тай
Төре астында ат болған жұрт.
Көлеңкелі (...)
Көпке қоныс берген жұрт.
Көбең байлар семіріп,
Көк би наһан болған жұрт.
Керпелдестер би болып,
Көпке кеңес айтқан жұрт.

Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз.
Бірауызды болыңыз!
Қалған елді тосыңыз,
Бөтен елмен үйір боп,
Еркеңізді қосыңыз.
Кәпір алмас демеңіз,
Наны тәтті,– жемеңіз.
Зәбірі қатты бұ кәпір
Алмай қоймас демеңіз.

Көкшетаудан салдырған
Қара үңгір жолдары.
Сабантаудан жиылып,
Бес сан болды қолдары.
Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла.
Жарқақ деген жерлерге
Шашылып шеті барды, ойла.
Атбасар мен Қалқотан
Балығы тәтті су еді,
Өнебойын шандып ап,
Сүзекісін салысты, ойла.
Қарқаралы деген тауларға
Қарқарасын шанышты, ойла.
Бетеге мен көденің
Берекесі қашты, ойла.
Көкмұрын деген жерлерге
Қыстауын сонан соқты, ойла.
Жылқының суат суына
Шошқасын әкеп төкті, ойла.
Ұлытау шеті Созақтан,
Созақтан бергі жерлерден
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла.
Нұраның бойы Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан
Тас қорғанды салды, ойла.
Баянаула, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла.

Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жұбаптас.
Ортасында ұйлығып,
Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды-артын
Қоршап бір алған кәуір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла!

Жыраулар поэзиясы

Барлық 69 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері