Абылай хан (6-бөлім)
Бұқар жырау · 186 жол
Биік тауға жарасар
Ығынан тиген панасы.
Терең сайға жарасар
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы.
Ақсақалға жарасар
Тілеуқорлық айласы.
Бәйбішеге жарасар
Еміздіктеген сабасы
Келіншекке жарасар
Емшектегі баласы.
Қыз он беске келгенде
Шашынан көп жаласы.
Бұл жалғанда бір жаман –
Ағайынның аласы.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Басты мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай.
Баспақтана жиылып,
Пәни болған заман-ай.
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай.
Азаматын құлатып,
Жұрт талыққан заман-ай!
Арғымақтың жалы жоқ,
Жабылар жалыменен теңелер.
Жақсылардың малы жоқ,
Жамандар малыменен теңелер.
Арғымақ жалсыз, ер малсыз,
Алланың аманаты болған жан
Қай күні алары болжалсыз.
Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра жауап қатпасам,
Халқым не деп айтады?
Хан Абылай, Абылай,
Қайғылы мұндай хабарды
Сұрамасаң не етеді?
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң.
Қарағай – судан қашықтап,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан – шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп.
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақырда шығар сол тұстан.
Күн шығысқа қарайды,
Шашын алмай тарайды.
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Өзі сынды бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір
Жаяулап келер жұртыңа!
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан!
Бұл айтқаным, Абылай,
Болмай қоймас артыңнан.
Тексізді төрге шығарып,
Істетер сұмдықты ұйғарып.
Асан сөзі осылай
Бүгін үшін аһ ұрған.
Жауабыма қандың ба,
Естіп болып қартыңнан?!
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Қылышбек,
Тігеден шыққан Сатай, Белек,
Шапырашты Наурызбай,
Қаумен Дәулет қасында,
Бақ-дәулеті басында.
Сенгібай мен Шойбек бар,
Таңсық қожа, Мәмбет бар,
Қасқарауұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл Бәти ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты.
Қалдан ханды қашырып,
Шеп салған жерін бұздырып,
Ұрысты қатты қыздырып,
Қасым ханнын шешесін
Хан Абылай алған-ды...
Жәбірлеген қалмаққа
Тырнағын қатты батырды.
Бұзылып қалмақ кеткен соң:
«Өңкей батыр, жиыл!» – деп,
Хан Абылай шақырды.
Бір төбеге жиылды,
Құм төбедей үйілді.
«Бөліске олжа түссін!» – деп,
Хан Абылай бұйырды.
Басыңа біткен күніңіз,
Құтты болсын ұлыңыз.
Хан Абылай атандың,
Дүниеде шықпай мініңіз.
Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз.
Арманың бар ма, хан ием?
Мәртебелі төбеге
Жауыңды алып жайладың,
Жеті күн кіріп ұрысқа,
Өлімге басың байладың.
Айтар сөзім осы-дүр,
Ақылың бар хан едің,
Мұның түбін ойлағын.
Қызықты күнде қыздырған,
Арандатқан жиырма бес.
Асау талқы бұздырған,
Борандатқан жиырма бес.
Қызды ауылды көргенде
Бұлаңдатқан жиырма бес.
Төстен қашқан түлкідей
Сылаң қаққан жиырма бес.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес.
Күрек тісін қасқайтып,
Сұлуды сүйген жиырма бес!
Бұлбұл боп ұшты көзімнен,
Іздесең де табылмас!
Кәрілік шіркін не қылмас:
Қолыңа таяқ ұстатар,
Аяғыңды баса алмай,
Келін-бала келгенде
Ауызыңды аша алмай,
Уақыттың ісі қиын-ды
Кәрілік әбден жеткен соң.
Айтып-айтпай не керек
Мезгіліміз өткен соң;
Кеудедегі қызыл шоқ
Су құйылып өшкен соң;
Жастық дәурен жалын-өрт
Басымыздан көшкен соң;
Айтуға бәрін әлім жоқ
Мезгіліміз жеткен соң!
Қатты тамақ шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстан ем айбарлы,
Бұл күнде қуат, күш бар ма?!
Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солғанда.
Қыран бүркіт төмендер
Қос қанаты талғанда.
Сөге көрме, Абылай,
Мен пақырда сын бар ма,
Уақытым мұндай болғанда!
Уақытым кетті басымнан,
Хан Абылай атанып,
Жайнап шықтың жасыңнан.
Мейманасың толғанда,
Уақытыңыз болғанда
Қарашың қашар қасыңнан.
Ханның жақсы болмағы –
Қарашының елдігі.
Қарашы халқы сыйласа,
Алтыннан болар белдігі.
Жақсы әйел ұл туса,
Патшадан болмас кемдігі.
Айтсам сөзім таусылмас,
Өзің ұқ артын ендігі.