Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылай хан (7-бөлім)

Бұқар жырау · 178 жол

Әй, Абылай, сен он бір жасыңда
Әшейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің.
Жиырма жасқа келгенде
Абылай атың жоқ еді,
«Сабалақ» атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар:
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде
Бақыт қонды басыңа,
Тақыт берді астыңа.
Отыз жасқа келгенде
Кең дүниеге кенедің.
Отыз беске келгенде
Қара судың бетінде
Соқтығып аққан сең едің.
Қырық жасқа келгенде
Алтынды тонның жеңі едің.
Қырық беске келгенде
Жақсы-жаман демедің.
Елу жасқа келгенде
Үшжүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің.
Елу беске келгенде
Ел деп атқа қонарсың.

Алпыс жасқа келгенде
Жақсы болсаң, толарсың,
Жаман болсаң, маужырап барып соларсың.
Алпыс беске келгенде
Жұмсасаң балаң тіл алмас,
Қатының қарсы шауып ұялмас,
Көрген күнің сол болар:
Тоңқайып масақ терерсің,
Еңкейіп орақ орарсың.
Жетпіс жасқа келгенде
Жаңылып сөзден қаларсың.
Жетпіс беске келгенде
Жылуы болмас қойынның,
Қауқары болмас сойылдың,
Мүжіліп әбден тозарсың.
Сексен жасқа келгенде
Өлмесең де жойылдың,
Әр атаққа қойылдың,
Біреуге жүк боларсың.
Сексен бес деген жер екен,
Шындап ұрған пері екен.
Тоқсан жасқа келгенде
Екі қара көзді алар,
Ауыздағы сөзді алар,
Бұтыңдағы безді алар,
Бетіңдегі нұрды алар,
Бойыңдағы шырды алар,
Аузыңдағы тісті алар,
Қолыңдағы істі алар,–

Өлмегенде нең қалар?!
Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарғиын десең – екі жағы ор екен,
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен.
Ел қонбайтын шөл екен,
Келмейтұғын неме екен.

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Үш жүздің басын қосқан, Абылай!
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай?!

Күпшек санды күреңді
Тәбияға жаратқан.
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан;
Айбалтасын алтынменен булатқан,
Алапасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан;
Лабашы деген бір елді
Антыменен улатқан;
Еренші мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Періштесін жұрт үстінен дулатқан;
Еңсесі биік боз орда
Салтанатқа орнатқан;
Болаттан шеге соқтырып,
Шаңырағын торлатқан;
Үшбу жерден бектерін
Жасыл көлге мәслихатқа келтіріп,
Зәмзәм суын мыс табаққа толтыртқан;
Қазығын қалайыдан қақтырып,
Тоқпағын сом алтыннан соқтырып,
Нықыра күміс шаптырып,
Былғары саба пістірген,
Шыны аяқпен іштірген;
Орындығын оймыштап,
Ою-нақыш салдырған,
Сандығын сары алтынға малдырған;
Көшсе қырық түйе арта алмас,
Қырық мың атан тарта алмас,
Қызыл аяқ мал жиып,

Қалжасына алдырған;
Алғыншығын алқалап,
Бетіне бедер қамқа салдырған;
Туырлығы қара кіс,
Төгілген бір түңлігін
Ұшығадан ұстатқан.
Байтағын, байып мал беріп,
Байрақты жерге қыстатқан;
Ғаділдігін Наушаруан ғаділге жеткерген,
Жомарттығын Атымтай жомарттан өткерген,
Күнде мейман күзетіп,
Кесекілеп ет берген,
Имандының ісіне қарай бет берген,
Бір құдайдың дидарын
Сен көрмесең, кім көрер,
Табандасқан дұшпанға
Күнінде қылыш шауып өткерген?!
Ай, айтамын, айтамын,
Мінген атың айтамын.
Құлында емген, тайда емген,
Құнанында арда емген,
Дөненінде үйреткен,
Жібектен арқан сүйреткен,
Бестісінде белі күшті болсын деп,
Бес байталға салдырған,
Алтысында талдай мойнын талдырған,
Жетісінде жетіп құлан шалдырған,
Сегізінде серке сан деп атанған,
Тоғызында тола семірген,
Онында оқ жыландай қарғыған,
Ойнай басқан аяқтым,
От орнындай тұяқтым,

Қиғаш қамыс құлақтым,
Саптыаяқтай еріндім,
Сарымсақтай азулым,
Сауырысын кере жарағаң,
Кекілін қыздай тараған,
Тостаған көзді торыны
Топ тарқамай мін-сана!
Еліңнің қамын же-сана,
Есіліп кеңес айт-сана.
Айта да айта кетсін жұртыңа,
Мұздар да мұздар қатсын мұртыңа.
Еш келмеді қыртыңа,
Кең Абылай, кең ием!
Шұбарағаш құба жөн
Мекен еткен шөлді, ием!
Телі менен тентегін
Иіліп алдыңа келді, ием!

Көшер едің көш бастап,
Көшкенінде қиғаштап,
Қатар-қатар нар тіркеп,
Қалы кілем жаптырып.
Қайрақ қалса, тастатпай,
Алып келді таптырып.
Қыздарыңа қызыл ала тон кигізіп,
Қырмызыға малдырып,
Көшке жорға мінеді,
Жол үстінде салдырып.
Бәйбішелер келеді көш алдында
Жалғыз-жалғыз бастырып,
Көшінің айдынына састырып.
Жолаушыны тоқтатып,
Сары атанды бақыртып,
Шаба кірсем, сары аяқ
Құйып берді мас қылып,
Жолаушыны ойға, қырға қақыртып
Жолаушы айта барар
Тәшкен базарың ду екен,
Дәулеті оның шу екен.
Су тілесе бал беріп,
Көрнекті екен бәйбіше.
Қалдияғы жұртына
Өрнекті екен бәйбіше.
Зәуре менен Батбадай
Келбетті екен бәйбіше.

Жыраулар поэзиясы

Барлық 69 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері