Абылай хан (1-бөлім)
Бұқар жырау · 182 жол
Күпшек санды күреңді
Тәбияға жаратқан.
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Айбалтасын алтынменен булатқан.
Алапасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан.
Лабажы деген бір елді
Антыменен улатқан.
Еренше мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Періштесін жұрт үстінен дулатқан.
Еңсесі биік боз орда
Салтанатқа орнатқан.
Болаттан шеге қақтырып,
Шаңырағын торлатқан.
Үшбу жердің бектерін
Жасыл келге мәслихатқа келтірген.
Мыс табаққа (ас) толтырған.
Қазығын қалайыдан қақтырып,
Тоқпағын сом алтыннан соқтырып,
Нақыра күмүш шаптырып,
Былғары саба піштіріп,
Шыны аяқпен іштірген.
Орындығын оймыштап,
Ұлы нақыш салдырған.
Сандығын сары алтынға малдырған.
Көшсе қырқы арта алмас,
Қырық мың атан тарта алмас.
Қызыл аяқ мал жиып,
Қалишасын алдырған.
Алғын, шығын арқалап,
Бетіне бедер қамқа салдырған.
Туырлығың қара киіз,
Түрілулі бір түңлігің
Ошағадан ұстатқан.
Байтағың байып мал беріп,
Байтақты жерге қыстатқан.
Әділдігін Наушаруан әділге жеткізген.
Жомартлығын Хатымтай жомарттан өткізген.
Күнде мейман күзетіп,
Кесек-кесек ет берген.
Имандының ісіне қарап бет берген,
Бір құдайдың дидарын
Сен көрмесең, кім көрер?
Табандасқан дұшпанға
Күнінде қылыш шауып өткерген.
Көш бастау қиын емес,
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерде жау бар.
Шаршы топта сөз бастау қиын,
Шешуін адам таппас дау бар.
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытқы бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алты қанат ақ орда,
Ардақтаған аяулың
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен-тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шартарап
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Даусы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Қылығымен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.
Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң?
Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай
Кемтік болар бүлген соң.
Төрде отырған биіңіз
Төресін жаңылар алған соң.
Төркіндеген бикешің
Елеусіз қайтар малдан соң.
Доңғалақ арба жүре алмас
Екі арысы сынған соң.
Жігіт жақсы бола алмас
Алғаны жаман болған соң.
Қос, қос орда, қос орда,
Қосыла қонбас жаудан соң.
Қоспақ өркеш сары атаң
Қом жасамас майдан соң.
Төсі аршынды сұлудың
Күйі белгілі байдан соң.
Байдың ұлы көрпелдес,
Шұбалаңқы тартады
Айдап жүрген малдан соң.
Үлдемен басын ораған,
Тарақпен шашын тараған,
Қиғаштап қырын қараған,
Езуін ашып күлгенде,
Күрек тісі қасқиған,
Бұрала басып бұлғақтап,
Қынай белін буынған,
Не болар ол жардан соң?!
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз. .
Айнала ішсе азайып,
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз:
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз:
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Көлшік алмас демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз
Құрсағы жуан боз
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.
Күллі әлемді қаратқан,
Ең алдымен алланы айт.
Бойына жан таратқан
Аты жақсы тәңірді айт.
Төрт шәдиар Мұстафа
Кітап ашқан ғалымды айт.
Мұхаммедтің аяты,
Алла сөзі – құранды айт.
Пайғамбардың сүндеті,
Бес уақытқы намазды айт.
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа – жақсылық,
Көктегі иең Тәңірді айт.
Қара қылды қақ жарған
Наушаруандай әділді айт.
Арсы менен күрсіні айт,
Лауқы менен кәләмды айт.
Құдіретімен жаратқан
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан
Сөз анасы – сәлемді айт.
Тірілікте сыйласқан
Ата менен анаңды айт.
Адам үшін жарасқан
Қызықты нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан
Қараң қалған денеңді айт.