Қапалық
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 28 жол
Жабырқап осы жалғаннан,
Жанға көңілім қалып тұр.
Жан дүниеге салып тұр,
Тәнге көңілім қалып тұр.
Тән шыдамай арып тұр,
Жұртқа көңілім қалып тұр.
Жұрт залымға нанып тұр,
Өтірік өрлеп күшейіп,
Шын жеңіліп, талып тұр.
Бақ дегенге байлау жоқ,
Оған адам танып тұр.
Тағдыр шіркін тап беріп
Тамағынан алып тұр.
Жала деген аңдушың
Тақымыңнан шалып тұр.
Бәле деген төбетің
Балтырыңнан қағып тұр.
Сауысқан, қарға, қара құс
Жемтігін аңдып бағып тұр.
Көре алмаған күншілер
Көңіліне мұның жағып тұр.
Әншейін бе дегенің,
Айызы әбден қанып тұр.
Жаны шығар жақынның
Көзінен жас ағып тұр.
Айыруға амал жоқ,
Арты қалай болар деп
Жүрегі от боп жанып тұр.