Шортанбай мен Асан бұғының айтысы
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 53 жол
Шортанбай:
Сөз айтайын Асанға,
Дүниешікке мақтанба.
Жермеңкеде қақтандың,
Дәулетің судай тасқанға.
Дүниеқордың мәнісі
Жетпіске келді бұл жасың,
Дүниешік болды жолдасың.
Әндіжанның сарты едің,
Қай елдің ең қожасы.
Қаратауды тауладың,
Пәленше деген мырзасың
Сары Арқаға келген соң,
Төрт аяқты жорғасың.
Осынша жиған мүліктен,
Не көреді қу басың?
Талабың бар жалғаннан
Әлі де болса аспаққа
Дүниенің боғы үшін,
Күнде жосып аптықпа*
Ұяларсың лахатта*
«Мен раббің» деп сұрағанда.
Асан:
Қаратаудың халқы едің,
Бір атадан жалқы едің.
Көк есекке мінуші ең,
Әуелде күнә жанға қас,
Қазаққа келіп, болдың мас.
Менің түбім сарт десең,
Неге атандың Қызыл бас,
Екеумізді пір тұтып,
Қалай заман бұзылмас?
Шортанбай:
Жәдігөй жарғыш болмаңыз,
Ақырет қамын ойлаңыз,
Жасың жетті жетпіске
Иман бер деп сұраңыз.
Арқаға шығып нан жедің,
Нан жедің де дәндедің.
Сұлуы болса сүйсем деп,
Жүйрігі болса мінсем деп,
Күннен күнге сәндендің.
Арқадан қылып жайлауды,
Әркімнен алдың байлауды.
Қиямет күні болғанда
Қандай жерде мекенің
Сен ғаріптің сайлаулы.
Бұл айтқаным ақылым,
Аталас туған жақыным,
Қиямет күн кез болса,
Пайдасы болмас қапының.
Ағартты құдай басыңды,
Өлшеп те берген жасыңды.