Шалдың жігіт кезінде жеңгелерімен қалжыңдасқаны
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 24 жол
Жеңеше-ау, қатық берші, қатық маған,
Жоқ та болса тауып бер, сатып маған.
Осындайда бір аяқ қатық берсең,
Қарқаралы қыздардан артық маған.
Жеңеше-ау, айран берші, айран маған,
Бұзау жүр сиырыңда байланбаған.
Көк көлемнің шағында ас жоқ дейсің,
Енді қашан тиеді пайдаң маған??
Жеңеше-ау, қымыз берші, қымыз маған,
Басыңда сəукелең бар құндыздалған.
Көк көлемнің шағында ас жоқ дейсің,
Күзгі күнгі уақыт па су мұздаған?!
Бұзауды жамыратқан аман болса,
Біздерді сабап таста шамаң болса.
Шіркінге айран түгіл, шалап берме,
Сиырдан сүт шыққандай заман болса.
Адамзат тірісінде мал жияды,
Мал түгіл үкім келсе жан қияды.
Жеті атасын білмеген обал дейді
Арғы атамды деп айтам Əрмия-ды.
Алты айшылық жер екен жүрген сапар,
Сапар жүрген кісінің ісі ғапар.
Əрмия атамыз өткен соң,
Біз дəулес үшеуі Əбуғафал.