Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Григорий Николаевич Потанинге

Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 44 жол

Ардақты Қарт! Келдік бүгін тойыңа,
Бүктік тізе, еттік құрмет ойыңа.
Қалам тарттым, қазақ ұлы қарыздар,
Шатлық сыймай толқыған соң бойыма.

Жарық жұлдыз — сенің тартқан бағытың,
Влшеуі жоқ тәңірі берген бақытың.
Арманың жоқ, ардақты ата, ақ жүрек,
Ханзаданың күндемессің тақытын.

Қара бұлт қаптап көкті мұнартып,
Зарықтырып жаумай жерді қуартып.
Ел бағына туған сонда ер едің,
Шашып нұрың Сібір халқын қуантып.

Қара дауыл жердің жүзін басқанда,
Қарындастық арамыздан қашқанда.
Біріктіріп бірге баққан сен едің,
Жол таба алмай адасып жұрт сасқанда.

Адамшылық ектің елге егінін,
Елің үшін шектің жапа, кемідің.
Бетің қайтып айнымадың ақ жолдан:
Кейімедің, жат бауырды телідің.

Саған жақын Сібірдің бар елдері,
Бір елі емес: тау мен тасы, көлдері.

Сені ұмытпас, мәңгі атың жад етер,
Мәдениет шашқан тұқым жерлері.

Үздік туған Сібірдің сен ұлысың,
Ғұмырыңша басқарған көп жұмысын.
Ұранды елмен теңгестірдің іргесін,
Қайтіп сенің ұмыт болар бұл ісіңө

Шыққан Сібір жаман атпен атағың,
Қараңғыда қалдың озып қатарың.
«Ер тумаса, ел көркеймес» нақыл бар,
Жуды сені туып ұлын Потанин.

Ерте ояндың, ел намысын жоқтадың,
Жетті қарттық, түсті сексен, тоқтадың.
Жақсылыққа бастап жастан баулыған,
Жас буынға енді даңғыл соқпағың.

Бізге салса, жалғыз сексен аз саған,
Тілер едік тағы сексен жас саған.
Табиғаттың болмай бөгет заңы егер,
Берер болса бұл тілекті жасаған.

Сұлу мінез, ақ жүрекпен артық ең,
Қазақ атын шылбырдан сан тартып ең.
Біз ұмытсақ, өлмес айғақ тарих бар,
Атамыздай болған сабаз қартым ең.

Міржақып Дулатұлы өлеңдері

Барлық 89 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері