Үш жалқау
1 мин оқу
Үш жалқау жігіт күн кешкіре бір үйдің тұсына келеді. Ертеңгі жеріне ерте жету үшін ілгеріліп қонуды ойлаған олар үйден шыға келген қыздан:
—Бұдан былай қоналқалық жер бар ма?—деп жөн сұрапты. Сонда қыз:
—Аз жүрсеңіз, Әлдеқайда деген жерге, одан ары өткенде Апақ-Сапақ деген жерге, одан сәл өткенде Әттеген-ай деген жерге барасыздар,—депті. Мұны ұққан жолаушылар ілгерілеп жүріп кетеді. Келе жатып қас қарая біреуі:
—Әлгі Әлдеқайда бар ма, жоқ па?—дегенде, тағы бірі:
—Ойбай, Апақ-сапақта қайда кетіп барамыз,—депті. Сонда үшінші жігіт тұра қалып:
—Әттеген-ай, әлгі қыз бізді қаңғыртқан екен ғой,—деп опық жепті.