Қиқар бала
1 мин оқу
Салт атты жолаушы алыс жолдан келе жатып Қаратаудың етегінде қой жайып жүрген бір балаға кездесіп:
—Мына таудың басында қашаннан бері қар жатыр?—деп сұрапты.
Бала іркілместен:
—Қайрылып қарағаным жоқ!—депті.
Бұған аң-таң болған жолаушы балаға тағы да бірнеше сұрақ қояды:
—Ауылыңның үлкені кім?
—Түйе!
—Ақсақалы кім?
—Теке!
—Ой, өзің бір қу екенсің.
—Қу болсам, атып алайын деп пе едіңіз.
Қойшы баланың қырсық сөздеріне ыза болған жолаушы:
—Салып кетейін бе?—деп қамшысын көтереді.
—Салып кетсеңіз, жылдам барарсыз,—деп бала миығынан күледі.
Одан сайын ыза болған жолаушы:
—Қойып кетейін бе?—деп төне түседі.
—Қойып кетсеңіз, қайтарда аларсыз,—дейді бала.
Ақырында баланың тапқырлығына риза болған жолаушы қанжығасындағы үкілі домбырасын сыйға беріп, жөніне кеткен екен.