Әкем шоты шапқан сайын өрлейді
1 мин оқу
Ертеде бір қолынан іс келмейтін олақ адам бар екен. Сонысына қарамастан, ол оны-мұныны істеуге әуес болыпты.
Бір күні әлгі олақ өткір шотпен ағаш шауып отыр екен, қасынан өтіп бара жатқан бөгде біреу оқыс бұрылып, бірден шотқа жармасып:
—Бұл менің әкемнің шоты, сен мұны қайдан алдың?—деп бәле салыпты.
Олақ:
—Бұл өз шотым!—деп өзеурейді.
Ақыры бірін бірі жеңе алмай, қазыға жүгініске келеді. Даукес қазыға олақтың шотын да, шауып отырған ағашын да ала келген екен.
—Тақсыр, бұл менің әкемнің шоты, оған дау болмасқа керек!—депті Даукес:
—Оны қайдан білдің?—депті қазы.
—Оны білгенім, әкемнің шоты шапқан сайын өрлейтін, міне, мына шотта дәл сол қасиет бар екен?—деп әр жері қиқа-жиқа болған ағашты көрсетіпті.
Сөзден жеңілген қазы шотты Даукеске бергізіпті.