Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Қамбар (9-бөлім)

Қамбар · Қазан басылымы, 1888 · 3 мин оқу

—Ендеше, тіле,—деп жіберді.

Келмембет кірді ханына,
Сұрайын деп Қамбардың
Ара түсіп жанына.
—Алдияр бас хандарым,
Жаңа келді Қамбарың.
Мұнан бұрын бар ма еді
Тілеп сенен алғаным.
Бір тілей келдім Қамбардың
Көкіректе шыбын жандарын.
Бере алмасаң бір тілек,
Төгілді менің арларым.

Сонда Мақтым сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Базардан келген ақ ирек,
Ерлердің аты без бүйрек.
Әкелсең еді Қамбардың
Жағасынан сен сүйреп.
Немене деп отырсың,
Бес байталға алған бедірек.
Көп сөйлемей шық,— деді,
Шығып кетші тезірек.

Келмембет тұрып жөнелді,
Есікке барып қайтадан,
Патшаға жауап береді:
—Хан емессің, қабансың,
Тамам жаннан жамансың.
Хан емессің, қасқырсың,
Қаса албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның келіп басқа ұрсын.
Хан емессің, қабансың,
Тамам жаннан жамансың.
Қамбар сені өлтіріп,
Кемеліне келтіріп,
Сүйегіңді қасқыр кемірсін,
Майыңа қарсақ семірсін.

Келмембет шықты сілкініп,
Тұра алмады ер Қамбар,
Өзі тоқтап іркініп.
Бір кісідей көрмеді
Он мың ләшкер, көп шерді.
Ақ сауыттан шығарды
Қарыс сүйем түктерді.
Ер нұсқасын көрген соң
Батырларға мегзейді.
Келмембетке атын ұстатып,
Мақтымға Қамбар кез келді.
Кіріп үйге келгенде,
Айбатына шыдамай,
Мақтым қорқып селк етті,
Тұра келіп көрісті.
Қайта отырып тағына
Не кеп сөзін көрісті.
—Енді, Қамбар, сенбісің,
Алдияр тақсыр біз,—депті.

Әлқиссса, Қамбарға айтты:—Мен Келмембетті жібергенде тоғыз күн уағда берген екенсің. Тоғыз күн өтіп он күн болды, өлмеймін деп келдің бе, өлесің,—деді. Сонда Қамбар айтты:— Рас, тақсыр, ажалым болса, өлермін мен, ажалым болмаса, не үшін өлемін,—деді. Үйден шығып келе жатқанымда бір қарғай қара тазы қызыл алтай түлкіні алды, оған келіп бір қара төбет зорлық қылды, таласып жатыр екен, маған келіп жүгінді. «Тазы, сенің күнде алғаның түлкі, бір жолы қара төбетке байла»,—деп төре бердім, үш күн айландым. Және онан келе жатқанымда бір ақ сұңқар қуды алып жатыр екен, онан бір құладын таласып жатыр екен, маған жүгінді, үш күн ойлап төре бердім. «Сұңқар, сенің күнде алғаның қу, бір жолы құладынға байла»,—деп төре бердім. Онан шығып келе жатқанымда бір лашын кептерді іліп жатыр екен, келіп бір қарға таласып жатыр екен, келіп маған жүгінді. Үш күн ойлап төре бердім: «Лашын, сенің күнде алатын кептерің ғой, бір жолы қара қарғаға байла»,—деп төре бердім. Тоғыз күн болды, оныншы күн болып тұрғаны,—деді.

Сонда Мақтым сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қара тазы сен,—дейді,
Ақтөс тазы мен,—дейді,
Таласқаның қыз,—дейді,
Он мың ләшкер балуанға
Бола алмассың тең,—дейді.
Ақ сұңқар құс мен,—дейді,
Ителгі құс сен,—дейді,
Таласқаның қыз,—дейді,
Он мың ләшкер балуанға
Бола алмассың тең,—дейді.
Лашын құс мен,—дейді,
Қара қарға сен,—дейді,
Сен қарғадай қарқылдап,
Суырып алар семсерін,
Өңкей ерлер жарқылдап.

Сонда Қамбар сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Бір атпадың, екі аттың,
Екі атпадың, үш аттың,
Үш атпадың, төрт аттың,
Аш белімнен кесе аттың.
Бір атқаныңды айтайын,
Келмембетті жібердің,
Назымнан үзбей күдерді.
Қылсын депсің ойынды,
Қойсын депсің шайымды.
[Екі] атқаныңды айтайын,
Қара төбет мен болдым,
Ақтөс тазы сен болдың,
Қайткенде сенен кем болдым.
Үш атқаныңды айтайын,
Ақ сұңқар құс сен болдың,
Құладын құс мен болдым,
Қайткенде сенен кем болдым.
Төрт атқаныңды айтайын,
Лашын құс сен болдың,
Қара қарға мен болдым,
Қайткенде сенен кем болдым.
Құзғын менен қарғаға
Құдай қуат бергенде,
Ит кәпірім, жем болдың.

Тағы оқыңыз