Қисса Қамбар (2-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1888 · 2 мин оқу
Бесіннің кезі болғанда
Қайтайын деп қыз Назым,
Ауылға енді тұрғанда,
Әзімбайдай әкесі
Бір жауапты қылды онда.
—Жиып алдым өзбекті
Ақарал шаһар қалаға.
Көрсін деп оны шақырттым,
Назым сынды-ай балаға.
Өтіп кетсең күніңнен,
Ішің толар ызаға.
Көп өзбекті шақырдым,
Келсін деп өңкей сап қасқа.
Келсін деп, сірә, айтпадым
Бұ түрлі сақал қақбасқа.
Ноғайым жаман болды ма,
Біреуі саған жақпасқа.
Ақылсыз бала тудың ба,
Бір ерді таңдап таппасқа.
Өтіп кетсең күніңнен,
Өзің, балам, саспасқа.
Сонда Назым сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айғыр емес, ат емес,
Құйрық-жалым сүздіріп,
Базарыңа салғандай.
Он екі баулы өзбекті
Сынап келдім, атеке.
Тал бойыма бір қыран,
Таба алмадым жарастық.
Жамандарға көз салсақ,
Даңғыл жолдан адастық.
Мұсылман аз, кәпір қау,
Бір күні келер бетпақ жау,
Даңқымыз кеткен әр жерге-ау.
Елде туған бір ер жоқ,
«Жекпе-жек» деп төбеге
Шауып та шығар бір ер жоқ.
Қынабы алтын көк алмас
Тасты кесер жебеге.
Нәзір көзім салмаймын,
Еш теңдікке алмаймын
Ақылы жоқ немеге.
Әзімбай сонда бөгелді,
Бұ жауапқа кенелді.
Ақылды туған қыз Назым
Ауылға таман жөнелді.
Әзімбай асқан ақылды,
Желмаядай бақырды:
—Он екі баулы өзбекте
Келмеген тойға кім бар?—деп,
Шақырушыны шақырды.
Шақырушы сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Төрт аяқты бір көрдік,
Қара тұлпар малдарды.
Өңкей тобыр ел көрдік,
Кемпір менен шалдарды.
Шақырғанмен келмес деп,
Әзімбай оған бермес деп,
Назымжан оған тимес деп,
Шақырмадым бұ тойға
Он сегіз жасар Қамбарды.
Ақ сұңқар құстай дабысты,
Дұшпаннан алған намысты.
Қамбар кедей деген соң,
Ел құлағы елу ғой,
Есітті батыр дабысты.
Ит жүгіртіп құс салып,
Жердің ауын тауысты,
Бермен қарай ауысты.
Кедейліктің зарпынан
Көңілінде бар арманы,
Қынабы алтын ақ болат
Аш беліне салғаны.
Қыран қара бүркіттей
Тұғырына қонғаны.
Әзімбайдың еліне,
Шалқып жатқан көліне,
Қамбар қиял ойлайды
Бір күні соған [баруды].
[Қара қасқа] тұлпарды
Батыр [ал]ды шалдырып,
Ұйқысын алды қандырып.
Шоқытып ерің жөнелді,
Томаша көрсе ырғытып,
Жабындымен сырғытып,
Ауыздықпен кергітіп,
Жердің ауын үркітіп,
Тау қазындай жаңқылдап,
Көшкен құстай сұңқылдап,
Алтын дабыл даңқылдап,
Әзімбайдың аулына
Таянғансиды аңқылдап.
Қара айдар мен кекілді
Қара қасқа тұлпарға
Қамбар салды үкімді.
Көргенім жалған болмаса,
Баяғы айтқан апаңыз
Иыққа ішік жамылып,
Беті оттай қабынып,
Айкел тұмар тағынып,
Балалы қаздай байпаңдап,
Дуадақ құстай жайқаңдап,
Алтын құман қолында
Таң намазға қыз Назым
Дәретке шыққан секілді.
Келбетін көрсең сұлудың,
Түймені көр де, басын көр.
Қаламды көр де, қасын көр,
Қарды көр де, етін көр.
Қар үстіне қан тамса,
Қанды көр де, бетін көр.
Толықсыған сұлуды
Көзіменен көрсе де,
Қайрылмастан жөнелді
Он сегіз жасар Қамбар ер.
Үстіндегі кигені
Бүрмелі торғын көйлек-ті,
Бүлдіршін бытырай бүйректі.
Бара жатқан Қамбарды
Назым сұлу көздейді,
Шын батырға мезгейді.
Мінген аты Қамбардың
Аласы жоқ қара еді,
Жал-құйрығын тарады.
Жаудан қашқан кісідей
Қамбар кетіп барады.
Аш белдерін қынады,
Ер екенін сынады.
Назым сұлу қақсады,
Ғашықтық кіріп со сұлу,
Ер Қамбардың артынан
Баруға көңлі ұсады.