Қисса Қамбар (5-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1888 · 2 мин оқу
Сонда тұрып Келмембет:
—Және бір сөзім және бар,
Жантақты жерде сона бар,
Әзімбайдың Назым қыз[ын]
Қалап келген бала бар.
Арғымақ ат бізде бар,
Алтын жабдық сізде бар,
Жаптыртқалы келгенмін.
Патшаның айтқан жауабын
Жақтыртқалы келгенмін.
Қыз Назымды бермесең,
Патшаны қабыл көрмесең,
Он екі баулы өзбегім,
Шаптыртқалы келгенмін.
Алмас пышақ бізде бар,
Піскен қауын сізде бар,
Тілдіргелі келгенмін.
Көк қаршыға бізде бар,
Қоңыр үйрек сізде бар,
Ілдіргелі келгенмін.
Патшамның айтқан жауабын
Білдіргелі келгенмін.
Қыз Назымды бермесең,
Патшаны қабыл көрмесең,
Он екі баулы өзбегім,
Бүлдіргелі келгенмін.
Аузы кетпей тілектен,
Қылышы түспей білектен,
Со сөздерін айтқан соң,
Үйде отырған Алшыораз
Өтті сөзі сүйектен.
Сөз сүйектен өткен соң,
Ерліктің түсті салтына,
Ақылдаспай халқына,
Ер қаруы—бес қару
Таңдап алып Алшыораз,
Мініп алған секілді
Қозы күрең атына.
«Япырым-ай!» деп ақырып,
Бақырып өңкей кәпірді
Алдына салып айдады.
Өлтірді кәпір тоғызды,
Өлтіріпті доңызды.
Кедей ұғлы Келмембет
Өлтіруге ерінді,
Құлға қылды көрімді.
Құлағын кесіп құнтитқан,
Мұрнын кесіп мұнтитқан,
Ернін кесіп жымпитқан,
Құйрық-жалын күзеген,
Байталдай сымпитқан.
Тоғызын онның өлтіріп,
Кедей ұғлы Келмембет
Мақтымханға жіберген.
Әлқисса, хан Келмембетті бір жаушы жібергенде: «Зады түлкі боп келдің бе, яки бөрі болып келдің бе?»—дер екен, олжалы болса, «түлкі болдым», олжасыз болса, «бөрі болдым» дейді екен; бұ мүбада әм бопты;
—Түлкің де құрсын, бөрің де құрсын, құлақ-мұрнымнан айрылып, күлкі болып келдім,—деді.
—Оның үшін бір тоғыз қатын буаз шығар, жиырма кісіменен бар,—деп жіберді. Оны да әм ғаріп Келмембетті және патшаға жіберді.
—Оның үшін жиырма қатын [буаз шығар], жүз кісіменен бар,—деп жіберді. Оны да әм қырайын деп еді, ноғайдың би, жақсылары қырдырмай:—Қой, кәпірлер көп, біз азбыз, бір қызға бола қонысымыздан айырып, көп жылағанша, бір қыз жыласын,—деп құда түсіріп, той қылмақшы болып, Келмембетті құда түсіріп қайырды.
Қалы кілем қара нар,
Тай тұяқ жамбы және бар.
Дабылдарын бөктеріп,
Сауыттарын төңкеріп,
Аузы түкті кәпірге
Көп ноғай сүйтіп жаранар.
Мінгізді бедеу міністі,
Кигізді қымқап киітті.
Бермесек деп бір қызды,
Үзіп жаннан үмітті.
Берді Назымды деген соң,
Мақтымхан сонда қуанды.
Қуанғанның белгісі,
Қымқап тонға симады.
Көп кәпірді жинады,
Аламын деп мақтанды.
Күн бұрыннан сақтанды,
Сақтанғанның белгісі,
Он мың ләшкер аттанды.
Үш мың алпыс топ алып,
Зеңбірекке оқ салып,
Жөнелді кәпір көп ләшкер.
Жүрген жолын тазартып,
Кәпірлер келіп орнады
Ақаралдай шаһар қалаға.
Жайылды аты далаға,
Шапқынды салды салаға.
Қолқа сала келіпті
Назым сынды балаға.
Мақтымхан қылды хандықты,
Өзбектің көңілі тауыпты.
Әзімбайдың Назым қыз
Көремін деп бір күні
Кәпірдің ханы Мақтымхан
Қылған екен жарлықты.
Алтынды отау ішінде
Күйеу қылып Мақтымды,
Қорыққанынан сақтапты.
Жалғыз адам Назымға
Сөз айтуға батпапты.