Қисса Қамбар (10-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1888 · 2 мин оқу
Батыр Қамбар қызады,
Ердің түгі шығады.
Сыртыменен сүйретіп,
Үй жапсарын бұзады.
Патшаның аты қара көк,
Өлерсің, кәпір, тектен-тек.
Айқай салды «жекпе-жек»,
Ұрыспаққа ойланып,
Мақтымханмен сайланып,
Кәпірге берді бір кезек.
Көк садақты қолға алып,
Қамбарға қарап көздейді.
Сол уақытта Қамбардың
Бәтуажа деген бабасы
Кәпірдің оғын қаңғыртып,
Тигізбестен демепті.
Қамбар алды садақты,
Тартайын деп қол оқты.
Сыртынан шықты атқан оқ
Жай отындай жайнады,
Семіздігі сонша екен,
Төбенің басын майлады.
Оны көріп қыз Назым,
Жүгіріп жайып құшағын,
Қолына алып келеді
Алмас бұйда пышағын.
Оны көріп қыз Назым,
Мойнынан жазған секілді
Бұрынғы салған бұршағын.
Қарағай найза патырлап,
Мылтық оғы шатырлап,
Аракет пенен зеңбірек
Тұс-тұсынан атыпты.
Атқызды сонда аракет,
Кәпірге болды бәлекет.
Атқан оғы тимей-ақ,
Қырылып кәпір күйреді.
Атқан оғы жұлдыздай,
Қайтерін білмей кәпір ит,
Жеті жүз салдат
Ақ байқақ шығарды.
Жаяу оны айдап,
Біреулерін жанышқылап,
Біреулерін шапқылап,
Қырып шықты бұшайлап.
Кәпірлер қашып жойылды,
Қызыл қаны шашылды.
Атқа мініп Алшыораз,
Келмембетпенен екеуі
Ер Қамбарға қосылды.
Үшеуі болып қосқан соң,
Ләшкер қатты даңғырап,
Алтын арба салдырап,
Алдына шығып қайырды,
Дұшпанның көңілін майырды.
Ұстап алып өлтірді
Жанарал, кіназ, майырды.
Ерлер алды намысты,
Айғайлап салды дауысты.
Ғали мінген Дүлдүлдей,
Тұлпарменен шабысты.
Үш күн, үш түн ұрысып,
Бірін қоймай тауысты.
Көрсетті ерлер жазаны,
Байтақ жатқан даланы,
Сол бетімен қырғындап,
Шауып қайтқан секілді
Семей деген қаланы.
Белесте ерлер салпылдап,
Дұшпандарын алқымдап,
Сол бетімен қызғанып,
Семей деген қаланы
Шауып қайтты жартылап,
Кәпірге қан құстырып,
Бір-біріне біреуін қостырып.
Алтын менен кәукәрің,
Торы кілем қымқаптың
Үстіменен келтірді.
Жетектеп батыр Қамбарды,
Қара жерді бастырмай,
Алтыннан тіккен отауға
Қамбар ерді кіргізді,
Мергені көз кезеді.
Берейін деп ойлады
Назымжандай бір қызды.
Алты жеңгесі келіпті,
Аяқтарын бір басып,
Ақырындап сырласып.
Батыр Қамбар отырған
Түгі шығып сауыттан,
Келуге сонда бата алмай,
Алты жеңгесі кетіпті.
Алтыннан тіккен ақ отау,
Аяқтарын кең басып,
Табы оттай қабынып,
Айкел тұмар тағынып,
Алтын отау тұрады.
Ішігін келіп жамылып,
Назым сұлу сөйледі,
Қамбарға қарап сағынып:
—Бәрак Алла, арыстан,
Кәпірлерге бардыңыз,
Ойран-бүлік салдыңыз.
Сіз майданда болмасаң,
Төгіле жазды арымыз.
Асқармысың, таумысың,
Аруанамын, нармысың,
Қайыңмысың, талмысың,
Қазымысың, жалмысың,
Шекермісің, балмысың,
Құдай қосқан жармысың,
Уағда сөзде бармысың?!
Қыз Назымды шақырып,
Қамбар алды қасына.
Дәулет құсы ердің
Енді қонды қасына.
Сабырдың түбі—сары алтын,
Жетерміз деген осы ма.
Беліндегі белдікті
Тастаған ерлер шешініп,
Тоқтаған көңіл бекініп.
Әзімбайдың елінен
Атан-түйе айдатып,
Көп тобырдың алдырды
Бәрін мұнда көшіріп.
Тоқтатқан Қамбар сабырды,
Тілеген тілек қабыл-ды,
Елші салып ноғайдан,
Көшіріп келді тобырды.
Көрді сонда анасын,
Апасы көрді шорасын.
Тобырды әкеп бек салды
Ақарал шаһар қаласын.
Қарай қойшы, жігіттер,
Қамбар ердің ал сонда
Бір Құдайдан тілеуін.
Назымды Әзімбай ұзатты,
Байлығының белгісі,
Өзгесін айтып түгеспен,
Кез жарым қып алтыннан
Соқтырды түйе бұрауын.
Қамбар менен Назым қосылған,
Ғашықтық жолы ашылған,
Бар да мінер бір атқа,
Жоқ та мінер бір атқа,
Жаманменен сөйлессең,
Қаласың деген ұятқа.
Дегеніне жеткізіп,
Кемеліне келтіріп,
Батыр да жетті мұратқа.
Таммат тамам.