Қисса Бозұғлан (9-бөлім)
Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Жүсіп айтар:— Ахмет, жас баласың,
Ашуың тез, асығыс, тоқтамайсың.
Бұл Мәмет үлкен керек адам еді,
Қашықлық келді бізге тоқтамайтын.
Ал енді, ей, ақымақ, бізді қуды,
Өлтірдің асығыстан әлгі суды.
Сиысып көп қол жүріп қуалмайтын,
Естіп ем тар жол дейтін Бабақұмды.
Ал, енді сол жолменен жөнелейік,
Қимылын кәпірлердің біз көрейік.
Пашаға бұрын жетіп ұрысайық,
Алайық жылдам барып тез жүрейік.
Қалмақтан бұрын жетті Паша тауға,
Тынығып қонды түсті бектер сонда.
—Ахмет, жастау едің, бауырым-ай,
Лайық көрдім сізді ту ұстауға.
Ахмет сонда сөйлер:—Жүсіп ағам,
Ұрысты қимадың ба енді маған.
Лайық тудың жөні сіздікі ғой,
Кәпірмен ұрысуға өзім барам.
Көкше бас он мың кісі қуған екен,
Сол жерде олар дағы келіп қалған.
«Жолдасым қырық қауыс, қырық шілтен»,
Деді де шауып түсті ойға таман.
«Жерлерден қиын-қыспақ құтқарып ең,
Өлерміз, ажал жетсе, осы арадан».
Деді де айғай салып кіріп кетті,
Тегін ғып жаратқан жоқ екі бекті.
Қамалып көп әскерге қалармыз деп,
Екеуі қашып жүріп ұрыс етті.
Көңілі екі сандал өрт боп жанған,
Әр жерде әрбірінің басын алған.
Атқан оқ, шапқан қылыш дарымайды,
Қоршайтын ерендер бар жолдас болған.
Екеуі қойға тиген бөрідей боп,
Ықтырып кәпірлерге салған сайран.
Тып-типыл шапқан шөптей басын кесіп,
Кәпірден сол уақытта жан қалмаған.
Аз кісі Көкше батыр қашқан екен,
Тар жолмен бағанағы қайта салған.
Көкшенің терілерін тірі сойып,
Шөп тығып жол аузына сүйеп қойған.
Әскердің қару-жарақ, баршаларын,
Мінген ат бірін қоймай жинап алған.
Бет алып елге жүрді екі бекзат,
Көңілден шыққандай боп шерлі арман.
Бұлардың осындай болып келетінін біліп, Балуан ата пірі алдынан шығып жол аузында қолын қусырып, екеуінің қол тапсырған пірі тосып тұр екен. Иіліп, жылап түсе қап Жүсіпбек құшақтай апты, Ахмет аттан түспей:—Сегіз жыл кәпір қолында бенде болғанда бір қолдауға жарамадың, пірлік жөнінен нияз,—деп,—алған ақымды бер,—депті. Сонда Балуан ата пірдің айтқаны:
—Жолдас болдым, екі бек,
Екеуіңнің қасыңда.
Кәпірлер жаяу айдады,
Онда да бабаң қасыңда.
Жаяулығың білгізбей,
Табаның жерге тигізбей,
Көтерді шілтен басына,
Онда да бабаң қасыңда.
Кәпірлер оқпен атқанда,
Қылышпенен шапқанда,
Онда да бабаң қасыңда.
Сегіз жылдай күзеттім
Тар зынданда жатқанда,
Онда да бабаң қасыңда.
Сегіз жыл кәміл толғанда,
Сәресі уақыты болғанда
Нұр Мұхаммед Ғалимен
Аян бере келгенде,
Тана жаздың есіңнен
Оларды сіздер көргенде,
Онда да бабаң қасыңда.
Көзбен көргендей бірге жүргенін айтқан соң, Ахмет жылап:—Жаздым, жаңылдым,—деп қолын ұстап пірдің патихасын алып, жүріп кетті.
Елге таяп келе жатса, көп адам ойын-сауықпен бара жатады. Бір адам қосылмай жалғыз келе жатады. «Аттыдан тіл алайық» деп келіп сұрайды. Сонда ол кісі жауап береді:
—Ана көп атты тойға барады, менің жеке келе жатқаным, елімізде бөлек жаралған екі бегіміз бар еді, мен қырық нөкерінің бірі едім. Інісі Ахметке Нәдірбектің қызын атастырып еді, олар тірі емес, сегіз жыл болды деп Ай ханның баласына қызын бергелі той қылып жатыр. Мен үйде жата алмай, қызықсыз тойға несіне барайын деп жалғыз келе жатқаным сол,—деді.