Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Бозұғлан (3-бөлім)

Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Ізденіп жалғыз өзі бармақ болды,
Көдекті жолдас етіп алмақ болды.
Он күнде бір айлық жол жүретұғын
Бір жорға Батпай деген таңдап берді.
Қазаққа тура тартқан қара жол бар,
Еліне қос сұлтаның келіп кірді.
Сұлтанға арыз айтып болды мәлім,
Сөйлейді хикая қып арыз халін.
—Ерлік, серілік өнерің, салтанатың,
Біздің жұртқа жайылды дабыстарың.
Жерлерге қиын-қыспақ жол табамын,
Білемін өнерменен әр іс жағын.
Қабыл көрсең қызметкер нөкеріңмін,
Құмар боп сізге келдім, ей, сұлтаным.

—Ойпыр-ай, иір жақты қызыл тілің,
Мұндай жан жаратыпты пәруарым.
Нөкер ғып сол ғаярды қасына алды,
Бір қызмет бір күн өтсе асырады.
Екі бастық біраздан соң уәзір ғып,
Отыртып оң жағына қасына алды.

Кез келді осы қисса басқа сөзге,
Мәнісі бір әңгіме келді кезге.
Бозұғлан—екі бектің нағашысы,
Шағыммен қат айырылды қапас жерде.
Татулық кешулесіп қайтайын деп,
Бектерді іздеп келді тұрған елге.

Келіпті нөкерімен әсемдетіп,
Бектерге біреу келді қабар етіп.
Келгенге нағашысы қуаныш қып,
Сәлеммен қарсы шықты тағзым етіп.

Сарайға нағашысын алып келді,
Алтын панар, гауһар шам жағып берді.
Ол күні қонақ болып таң атқан соң,
Сәлемге нөкерімен бектер кірді.

Сонда Бозұғлан хан әр жігітіне қарап отырып: «Мынау нағылған жігіт?»—деп Мырза Мәметке көзі түсіп, өте сыншы екен, жақтырмай айтқаны:

—Ей, бектер, қастық үшін келген екен,
Сіздерге жағымды боп ерген екен.
Байқасаң көзі ала, жүзі қара,
Антұрған шын Құдайдан безген екен.
Мұндай жан елге симай нағып жүрсін,
Байқасам түрін арам жеңген екен.

Тез жоғалт көзін жылдам мына сұмның,
Талайын көп көргемін мұндай қудың.
Басыңа пәле келер кешікпей-ақ,
Пәлелік жеңіп тұр ғой бәрін түрдің.
Тез өлтір кешіктірмей, қос жиенім,
Қолқа сый осы болсын нағашыңның.

Сонда өлтір дегенді ұнатпай Жүсіпбектің айтқаны:

—Құмар болып келіп еді басыма,
Мұны өлтірсем жігіт келмес қасыма.
Нақақ істеп қанына ортақ болмаймын,
Естіген жан мін қоймай ма атыма.
Бір кісінің не бар қуат қолында,
Бір кісі мың кісіге дұшпан болар ма.
Нақақ істеп қанына ортақ болмаймын,
Ұяламын келмейді деп толымға.

Өкпелеп Бозұғлан қайтып кетті,
Бірнеше арасында күндер өтті.
Мастанып қызуменен сол екі бек,
Қарашы нөкерімен кеңес етті:
—Біздерге салтанаты тең бар ма екен,
Қайрат қып қарсы тұрар ер бар ма екен?
Құстар салып, аң аулап барар едік,
Тамаша шер тарқатар жер бар ма екен?

Сөйлейді Мырза Мәмет жердің мәнін:
—Алатау арғы беті тамашалы,
Ақылдан көрген адам адасады.
Жемістер неше түрлі бос шығатын,
Миуасына ұжмақтың жанасады.
Райхан гүл шөптері шым жібектен,
Кестеге бейне тіккен ұнасады.
Дейтұғын Уәлиасқар қазақ жері,
Оған да ат қойылып Асқар деді.
Өзені бері қарай төменге ағып,
Аяқта күн жарымдық әуе көлі.
Үйрек-қаз, ала құстың бәрі сонда,
Кетпейді жазы-қысы сол мекені.
Ендер құм айналасы шүлең кең жер,
Киік пенен құланның жүрер жері.

Тағы оқыңыз