Қисса Бозұғлан (10-бөлім)
Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 3 мин оқу
—Бізбен бірге жүр,—деп сөйлесіп,—біз қашық жерден келе жатқан жолаушымыз,—деп үйге түседі. Аужар айтатын жол біздікі деп, бастасын дегенде ауыздарына өлең түспей ашу түсіп айтқаны:
—Кезіктік жолаушы едік қызық тойға,
Түсеміз қиялданып әрбір жолға.
Нәдірбек қайырсыз той істегені,
Жолығады-ау бұл ақымақ қалың сорға.
Сөйлейді қалай деді біреу,
Айтыңдар енді басқа мұны қой да.
Сөйлейік неке алыпты біз жолаушы,
Көрсетші Нәдірбекті той тойлаушы.
Құярмын дәл көзіне қорғасынды,
Жетісіп патшаға Айхан қыз беруші.
Ақырды тез шақырды Нәдірбекті,
Ел сонда есі-түсі қашып кетті.
Жарымжар тел аяғын құшақтады,
Түйсінді сол арада екі бекті.
Жан шулап тірі көрдік дегендей боп,
Үйіне сүйіншіге қабар кетті.
Бермесе бұл ашуын Әшірбекке,
Ажалы Нәдірбектің енді жетті.
Әшірбек келді сонда жан досты,
Көрген соң жан достыны аттан түсті.
—Бегім-ай, ақ сұңқарым, келдің бе аман,
Көзімнен сағынғаннан бұлбұл ұшты.
Оң тізең баса алмасам отырмаушы ем,
Құдайдың жазуы ғой үлкен күшті.
Дүниеден бүгін өлсем арманым жоқ,
Сұңқарым ұшып кеткен қолға түсті.
Зарланып келді ханым баласына,
Көзінің ағы менен қарасына.
—Жұбаныш қуат қылған, қарағым-ай,
Қайғыны салдың ауыр жарасына.
Тірікпен бізді көрдің арманың жоқ,—
Деді де тоқтау айтты анасына.
Көргенін кемшілігін түгел айтып,
Көрісті Қарлығаш та ағасына.
Ел шулап бет-бетімен күңіренді,
Бозінген табысқандай ботасына.
Бермесе бұл ашуын Әшірбекке,
Нәдірбек қайғы түсті әз басына.
Күнәсін Нәдірбектің сұрап ал деп,
Әшірбек ел жабылды жолдасына.
Ашуын келді сұрап қос сұлтанға,
—Кеңпейіл бегім едің мұсылманда.
Тілеймін Нәдірбектің күнәларын,
Шошынып жанның бәрі қысылғанға.
Бұл сөз түгіл жанымды қи десең де,
Аяйтын сізден менің ісім бар ма?
Нәдірбек той жасады жұртын жинап,
Болды ғой үлкен олжа шыбын жанға.
Тарқамай той аяғы қырық күндей,
Болмады үйде жатқан ешбір бәнда.
Әр арман екі бектің ойында бар,
Зынданда қолда жатыр Баба Ғұмар.
Патшаның Қаракөз айым жалғыз қызы,
Ғашық боп іші еріген Қаракөз бар.
Босатып сол екеуін алсам-ау деп,
Шығармай сырын сыртқа қылады зар.
Мұсылман отыз екі рулы екен,
Асхаптан өзбек деген ұл таралар.
Жіберді хабар беріп төңірекке,
Жан қалмай жүрсін деді күш көмекке.
Келер жыл жазға салым бет қоямыз,
Қалмақты шауып, олжа салам көпке.
Болғанда ат қаратіл аттанады,
Кім қорқып бек тұрғанда жасқанады.
Хабармен Бозұғлан хан о да келіп,
Әскерге билеуші боп бас болады.
Көп қолмен мұсылман боп келеді енді,
Қабарын білдіреді береді енді.
Үш күнге әскер жинап дайындалсын,
Әгарда қамданбаса көреді енді.
Осылай бәрін түгел хатқа жазып,
Хабарды Көзелшеге жібереді.
Көзелше халқын жинап шошып, қарсыласуға шама жоғын айтып:—Зындандағы шалды алдырайық, сол ақыл таппаса, қырады, елді қоймайды,—деп айтқаны:
Көзелше елі-жұртын жиып алды,
Ақылгөй адамына хабар салды:
—Қырады халқымызды бүлікке сап,
Зынданнан алып келіңдер жатқан шалды.
Таппаса ол ақылын Баба Ғұмар,
Қайткенде тоқтатады мұсылманды.
«Бабаңды алып кел» деп жалынады,
«Халықты қырғызба» деп зар қылады.
«Біз көндік не десеңіз айтқаныңа,
Қалайша қорыққан елге кәр қылады.
Біз көндік діндеріңе кіреміз де,
Уағда сізге осылай береміз де.
Көрген түс сіз жорыған тура келді,
Күш жетпесе қарсыласып өлеміз бе».
Таммат тамам