Қисса Бозұғлан (5-бөлім)
Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Мен жылаймын, жылаймын,
Қадірда Хаққа зар-зар.
Қам-қалымнан бір аларсың,
Өзі де болсын хабардар.
Бұлдыр-бұлдыр артта қалып барасың,
Қош-аман бол, асқар таулар,
Құстар салып, сауық құрған мекен-жайлар,
Қайта айланып көруге болар ма екен нәсіп айлар.
Бұл сағатта бізден дәурен өтті де,
Сұм ғаярдың зұлымдығы жетті де,
Қуып келсе қырық жігіт пен Әшірбек,
Осы жолмен кәпір байлап кетті де.
Көп ләшкер жетті бізге,
Қалқанды тұтпадым жүзге.
Арманым көп болды-ау, әй, Зұлжалал,
Кез болмады-ау жапан түзде.
Мұнан артық болмас зұлым,
Жаман бірлән әр кез болмағыл жолдас.
Арманым көп болды-ау, әй, Зұлжалал,
Кісі қолына түсер ме кесілмей бас.
Ойран болды дін Қоразбан шаһарым,
Қазан ұрып солды менің баһарым.
Арманым көп болды-ау, әй, Зұлжалал,
Қасымда болмады-ау қырық аждаһа нөкерім.
Өз жаныма өзім қылдым зұлымды,
Арман бірлән бағыттаппын қолымды.
Арманым көп болды-ау, әй, Зұлжалал,
Ерте жүрмей Әшірбектей шерімді,
Өз жаныма өзім қылдым қысымды,
Биһуада қашырдым дәулет құсымды.
Арманым көп болды-ау, әй, Зұлжалал,
Жүсіпбек, қата қылдым барша ісімді.
Әшірбек бір тұсты қарап, бір жерге қонып, түсінен шошып оянып айтқаны:
—Ей, жігіттер, нағып ұйықтап жатырсың,
Еш қауіпсіз екі бектен қапылсың.
Кәпір айдап бенде қылып барады,
Соғыспенен бастарымыз қосылсын.
Бұл сағатта бізден дәурен өтті ғой,
Қарасатын мақшар күні жетті ғой.
Ей, жігіттер, шапшаңдатып мін атқа,
Сұлтаныңды кәпір байлап кетті ғой.
Қара киіп, қан жұтып,
Ерғалиды медет тілеп, пір тұтып,
Екі бектен жан аямақ дұрыс па,
Ант пенен татқан тұзын ұмытып.
Не боламыз қос сұлтаннан қалған соң,
Жан не керек мұндай жұмыс болған соң,
Бек жолында атыста өлмей, жарандар,
Елге тірі не айтамыз барған соң.
Бектен қалып неге керек сұм жалған,
Бақшадағы жапырақпыз қуарған.
Қос сұлтанды түсте көріп қазатта,
Өліп кетсек болмас еді-ау басқа арман.
Әшірбек қырық жігітпен қуып, Пашаның тауына жетіп, жолдастарына жан аяма деп айтқаны:
—Ей, қырық жігіт, қырық жігіт,
Бүгін бір бізге сын, жігіт.
Айрылып бектен бос барсақ,
Бойдан кетпес мін, жігіт.
Жар шақырып, ат қойыңдар,
Кәпірге болсын ойындар.
Жан аяма, қырық жігіт,
Жолдас болып бектен татқан тұзың бар.
Мен білмеймін нешік пәле,
Қолға бір толды кер дала.
Қылыштасып майданмен
Қол сілтесер күн бүгін.
Ғәзиз жаннан кешіңдер,
Кебін тонды пішіңдер.
Жан аяма, жігіттер,
Кәпірдің қанын ішіңдер.
Таудың басын алсын тұман,
Кәпірлерді қылма аман.
Жанымдағы арыстандарым,
Жаннан кешер күн бүгін.
Қызуменен кірді қайрат күшіне,
Таң қаларсың қырық жігіттің ісіне.
Медет тілеп пірлерден,
Кіріп кетті ауыр да қолдың ішіне.
Ақ садақ заулап атылды,
Атқан оқтың даусынан
Естіген құлақ сарылды.
Қызыл қан ақты сел болып,
Өзендерге қосылды.
Салды қияметті қырық жігіт,
Мылтықтың оғы жайнады.
Көктен жұлдыз ұшқандай болып,
Күн қарайып тұтылды.
Нажағай көктен түскендей болып,
Қайрат қылды мәрт Әшірбек,
Ғәзиз бір жаннан кешкендей болып.
Жігіттер шапты кәпірге,
Қойға тиген бөрідей болып.
Кәпірлер жаман қырылды,
Оба тиген керімдей болып.
Қайрат қылды мәрт Әшірбек,
Майданда Рүстемдей болып.