Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Бозұғлан (7-бөлім)

Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Бектер тұрды аш бүйірін таянып,
Үсті-басы қызыл қанға боялып.
—Ей, назнин, күйген жанды күйдірме,
Қалған жоқпыз қос сұлтаннан аянып.
Аянбаған мехнат бар түсіңде,
Шомылыпсың қызыл қанның ішіне.
Тағдырға табдил табылмас,
Ырзамын бектер жолыңа.

Қарлығаш, Күлғасыл, шешесі келіп естірткені: Күлғасылға тәртіп бойынша қара салып, жылап тұрды сонда:

—Ана, бізге шын қиямет болыпты,
Бақшаңызға өрт жанып, қызыл гүлің солыпты.
Әй, әй, ана, сүйеріңнен айрылдың,
Екі сұлтан кәпірге бенде болыпты.
Жұбанышта қуат қылған сұлтаның,
Шешіліпті тұғырдағы сұңқарың.
Әй, әй, ана, сүйеріңнен айрылдың,
Енді жоқ дүр екі қамқор сұлтаның.

Көзіме келіп көрінбедің бектердің досты,
Қара киіп келдің сен баламның қосты.
Бері келіп тамағыңнан иіскетші,
Сенен білінер ме екен қос сұлтанның иісі.
Жоқ қылдың қадір парымды,
Кетірдің ғой сәнімді.
Қазан ұрып солған болса гүлзарым,
Кімге барып естіртермін назымды.

Күйінді Үргеніштің бес қаласы,
Байғыздай ертелі-кеш зарланады.
Көр болып екі көзі көрмес болды,
Ерғали қызын берген қайын атасы.
Мұнымен елі-жұрты тұра тұрсын,
Енді сөз екі бектің әңгімесі:
Айдады кәпір жаяу екі бекті,
Көрмеген еш кемшілік қара көкті.
Айдарын ат басады жерге түскен,
Қып-қызыл аяқтары қан боп кетті.

Жүсіп сонда сөйлейді:

—Көрмеген қорлық дүнияда,
Еңбегі еш боп зияда.
Сөйлеме деп ұрады
Алынбай сөзі рияда.
Ахметті мінгіз атына,
Ол үшін мен жүрейін пияда.

Оларын кәпір білмейді,
«Шапшаңырақ жүр» дейді.
«Құтқарайық ажалдан,
Біздің дінге кір» дейді.
Сөз екен деп оларын
Құлағына ілмейді.

Шілтендер келді қасына,
Көзінен аққан жасына.
Табанын жерге тигізбей,
Көтерді шілтен басына.

Патшаға сүйіншіге Мәмет кетті,
Айтқанша Батпайменен қазір жетті.
Алдаумен қапылыста ұстап алып,
Әскерлер әкеледі екі бекті.
—Жарайды, Мәметім-ай, болдым ырза,
Қалаған мұқтажыңды алғыл,—депті.

Көзелше шықты алдынан әскерімен,
Оларды көреміз деп ел бүлінген.
Екеуін алдына сап келеді екен,
Айдардан шағылысқан күн көрінген.

Патшаның Қаракөзайым жалғыз қызы,
Ғашық боп сол арада ой бөлінген.
Екеуін осы арада атыңдар деп,
Патша әскерлерге бұйрық берген.

Әскерлер сол арада барды да атты,
Мылтықпен жарым-жарты бастан шапты.
Атқан оқ, шапқан қылыш ешбіреуі
Зәредей жара түсіп дарымапты.
Етсе де қанша айла өлмеген соң,
Патша «дараға ас» деп жарлық етті.

Жендеттер алып келді дар басына,
Жат етіп сиынады Алласына.
Асса да қайта-қайта үзе берді,
Көзі жетті жендеттердің болмасына.
Табалмай еш ылажды не қыларын,
Келеді қабар бере патшасына.
Патша елі-жұртын жинап алды,
«Бұл қалай хикмет» деп таңға қалды:
—Зынданға қазірінде салыңыздар,
Қорлықпен өлтірейік мұндай жанды.
Тіл қатып ешбір адам көрінбесін,
Аштықтан қатырайық бермей дәмді.

Тіл қатып ешбір адам көрінбесін,
Күзетші айналасын аңдып тұрсын.
Білінсе егер біреу тамақ берген,
Терісін тірі күйде бітеу сойсын.
Соны айтып әкеп салды зынданына,
Көрсетті қысымшылық бір жанына.
Бабаң да жатыр екен түс жорығыш,
Танысып амандасты бір-біріне.

Тағы оқыңыз