Қисса Бозұғлан (2-бөлім)
Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Бес қала мөр басады бекке сайлап,
Жарарлық тарту берді құрмет айлап.
Жол жүріп бірнеше күнде бекке келді,
Сабзар жер сахараны жатқан жайлап.
Бұл келген елшілерді мақұл көріп,
Жатады сауықпенен күліп-ойнап.
Елшілер бірнеше күн көрді қызық,
Болмайды мін қоюға бәрі түзік.
Ап келген олжасынан бес есе ғып,
Олжасын лайықты берді бұзып.
«Қонаққа артыңыздан барамыз» деп,
Қағазға уағда етіп берді сызып.
Қандай екен деп сұрағанда елшілер айтқаны:
—Біз барып көрдік сол екі сұлтанды,
Тұз татқан ер бір көрмекке іңкәр-ді,
Мінген аты ылғи шұбар тұлпар-ды,
Қоянша шоршып қоразша болар,
Ешкімді көрмедік оның теңінде,
Ондай сұлтан болмас әмір бабында,
Жұпар иісі аңқып тұр отырған сондай жерінде.
Айтып болмас қару-жарақ сайманын,
Бәрі түгел жан қорғайтын айланың.
Нашар үшін бостан тағам пісіп тұр,
Бір уәзір тексеріп тұр жайларын.
Тауыса алмаймыз айтуға
Қос сұлтанның ғажап қылдық сайранын.
Жасатты бек келеді деп неше сарай,
Есептеп шықса келмес баһасы-ай.
Жиһазға жиған мүлік таңға қалып,
Көрген жан көзі талды қарай-қарай.
Жолына масатыдан кілем жайған,
Бүлініп бек келеді деп қылған сайран.
Сондайлық дайындықта бектер келді,
Келбеті нұрларына қалған қайран.
Күтініп тұрғанында бектер келді,
Бастырмай алып жүрді қара жерді.
Көргендер көзі талып қарайтұғын,
Кез қылды бізге осындай ылғи шерді.
Сол үйге Ерғалидың тағын қойған,
Даяршы екі бекке отыр деді.
Екі бек таққа шықпай жерге отырып,
Үстіне қара кілем дұға қылды.
«Қорынды таққа шықпай» деген сөздер
Құлаққа екі бектің естіледі.
Сонда Жүсіпбектің айтқаны:
—Жігіт деген жауһар болар,
Қызмет қылса нөкер болар,
Көңілі дүрлік бекер болар,
Өнерімен жетер болар.
Патша жаққан гауһар болар,
Жарығы да жетер болар.
Әркім жүрсе жолын біліп,
Кетпес аяқ тайылып.
Патшаның жолы ұлық,
Құрмет қылған жақсы дүр.
Ден қойды білімді деп екі бекке,
Неше күн қонақ болды сый-құрметте.
Хандармен ақылдасып Ерғали хан,
Бектерге көңілі кетті қыз бермекке.
Өз қызы Күлғасыл неке оқып,
Ұзатты салтанатпен Жүсіпбекке.
Ахмет жастау екен ол уақытта,
Арнатып құда қылды Нәдірбекке.
Елі сол екі бектің келді көшіп,
Дұшпанға қазат қылды, жол түзетіп.
Айдар мал қазынаға қаны болды,
Жұртына Үргеніштің болды нәсіп.
Шығады мәселеден әр түрлі гәп,
Кәуірден қорқатұғын құтылдық деп.
Бұл жұрттан қауіп кетті уайымы жоқ,
Шаһарды сөйлейді екен Үргеніш деп,
Хикая сөзден сөзге сөйлейді екен,
Қысқа айтса ұғынуға келмейді деп.
Қалмақтың Көзелше падишасы—
Шаһарды үш жүз алпыс билейді екен.
—Қаңғырған бір диуана шал,—деп айтты,
Мұнда не қасиет бар,—деп айтты.
Бұл бейәдеп көңілімді бек қайтарды,
Апарып зынданына сал,—деп айтты.
Шақырып білімдіні қылды жиын:
—Жүсіп пен Ахметтің нәсілі кім?
Білген адам сөйлейді Сейітбаттал,
Секілді Көрұғлыдай батырлығын.
—Таппаса Мырза Мәмет бір қайласын,
Қол қайрат күш қылуға болмас қиын.
Ғаярдың Мырза Мәмет ақылы артық,
Зейіні көп, оқыған білім тартып,
Таратып дүниені сөйлегенде
Тыңдаған таң қалады бойы балқып.
Етейін жаным пида сіздің үшін,
Татырған құрметпенен тұзың үшін,
Артылған өз атағын кім іздемес,
Қолынан аяна ма келген ісін.