Қисса Бозұғлан (6-бөлім)
Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Мәрт Әшірбек жұмсады
Сол уақытта найзаны.
Көтеріп салған көк сүңгі
Тіріде қанға тоймады.
Біріне бірін қосты жігіттер,
Кәпірлер қарсы тұрмады.
Зікір салып кәміл пірді шақырды,
Нар бурадай зор дауыспен бақырды.
Ойда жүрсе шыдатпай,
Кәпірлерді бек састырып жапырды.
Көкше батыр басы боп,
Екі бекті биік өрдің басына
Көп мергенмен қашырды.
Қарсы шапты Әшірбек биік өрдің басына,
Жақын келді қос сұлтанның қасына.
Айналасы Көкше батыр, көп мерген
Алды сонда көп оқтардың астына.
—Ешкім білмес бақытым неден қара дүр,
Барша тәнім кебек бірлән жара дүр.
Ей, жігіттер, мені келіп сүйей бер,
Есім шығып көзім тұнып бара дүр.
Әшірбектің бұл халде болғанын біліп, Жүсіпбектің айтқаны:
—Қолым бағлы, бара алмаймын жаныңа,
Ием рақым айласын сенің халыңа.
Біз ырзамыз екі бек,
Біз үшін боялды-ау боз ат сенің қаныңа.
Бегі кетсе жігіттің не дүр сәні,
Бекер жолдас бұрын өліп қимаса жаны.
Бұл жарадан саламатпын, сұлтаным,
Атқа жұққан дүр кәпірлердің қаны.
Астындағы шапса талмас боз ойнақ,
Сақтап жүрген ерендер бар дұға айлап.
Көзі қимай қайта кірді майданға,
Мәрт Әшірбек пір шақырды айғайлап.
Мергендерді қиын тасқа тығыпты,
Пана қылып үңгірлерді бұғыпты.
Қол-аяғы кісендеулі бектердің
Босата алмай атын алып шығыпты.
Әшірбек дер:— Бұл не деген қиямат,
Ғәзиз жаның бір Құдайға аманат.
Біз қайтамыз тірі бол,
Кәміл пірлер сақтағай-ды саламат.
Қош айтып, сәлем айтқаны:
—Қайта-қайта сәлем айт
Мұңлы да болған анама.
Шама келмес, жігіттер,
Енді бір бізге қарама.
Қан төгіспей қапылдықпен
Бенде болып ішім толып,
Кіріп тұрмын ызаға.
Душар болдым қияметтің күніне,
Мен алдандым бір ғаярдың тіліне.
Бізден барсаң сәлем айт
Қарлығаштай сіңліме.
Менің үшін жылаған,
Жүзін қанға бояған,
Үш қайтара сәлем айт
Күлғасылдай жарыма.
Лала көл болды менің көз жасым,
Қан төгіспей бенде болды бұл басым.
Бізден барсаң сәлем айт,
Ұмытпасын тұз татысқан жолдасым.
Бізді сұраса, ғаріптікте болды де,
Рақымсыз кәпірлерде қалды де.
Мехнаттан қиын емес құтқарса,
Құдіреті жарылқаса, кең дейді,
Ерғали сұлтан атама арызымды айтыңдар,
Бейнаһан болған дертімді,
Әшірбекке тапсырсын ие болған жұртымды.
Сендер кетіп мен қаларға ұқсадым,
Ғаріп жаннан енді үздім ғой үмітімді.
Қош болыңдар, қырық жігіт,
Ұмытпай жүр батаңызға кіргізіп,
Әр қиыннан қол бар құтқарылған
Тірі қалдық біздерден үзбе үміт.
Айырылып екі бектен қайта жүрді,
Бәрі де қырық жігіттің жылай берді.
Жетелеп екі бектің атын алып,
Қайғымен бейшаралар елге кірді.
Қарлығаш, Күлғасылдың нөкері бар,
Түрленген тоты құстай бәрі қыздар.
Мөлшері келетұғын тақалды деп,
Таң атса, жол аузында қарап тұрар.
—Ей, назнинлер, қарашы,
Келе жатыр бір топ атты жолаушы.
Көзді салып таза байқа, ей, қыздар,
Сұлтандарға келе ме екен ұнасы.
Ойпыр-ау, мынау қалай жарандар,
Бек қайғылы, кейпі жаман адамдар.
Жолдастар, бұл не деген замандар,
Мен бейбаққа түскен екен қарандар.
Сұлтандар қайда қалды, жоқ қой бөлек,
Осы елде әйел жағы жетіп жатыр,
Сендердей кісі бізге неге керек?