Қисса Бозұғлан (8-бөлім)
Бозұғлан · Ә.Бижанұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Қарағым, жолың болсын, балаларым,
Көп болды мен татқалы зындан дәмін.
Болмаса аз күн бейнет неғылады,
Қадірдің көзін көрді паналарын.
Соны айтып бата берді Баба Ғұмар,
Ғашық боп іші еріген Қаракөз бар.
Бұларға бір жақсылық істейін деп,
Жете алса ойлайтұғын ниеті бар.
Зынданның басшысына ақша төгіп,
Тағамды енді бұл қыздар даяр қылар.
Не керек екі бекке барлық шара,
Жай-күйін күнде келіп біліп тұрар.
Сонымен сегіз жылға кәміл жетті,
Қос сұлтан зындан түбін мекен етті.
—Ұйықтамай, балаларым, отырайық,
Қадірдің бүгін болар түні,—депті.
Үшеуі Құран оқып тілек тілеп,
Жантайып Баба Ғұмар ұйықтап кетті.
Жарық боп зындан түбі жарқырады,
Сол кезде бір төрт адам кіріп кепті.
Басында ақ шалмалы сәлдесі бар,
Отырып тақ үстінде дұға етті.
Қаһарлы біреуі бар түсі суық,
Екеуі жас бала екен көзі түсті.
Айналып үш бұрышқа қарады да,
Төртеуі көп кешікпей шығып кетті.
Бабасын оятады асып-сасып:
—Біз көрдік тамашалы үлкен нәсіп.
Көргенін бастан-аяқ түгел айтып:
—Ей, баба, біз отырмыз көңіл тасып.
—Ол келген хақ пайғамбар сәруары,
Қаһарлы түсі суық хазіреті Ғали.
Сіздердің көзің түскен екі бекзат,
Жас жігіт Хасен—Хұсейін балалары.
Көрсетті ишарат қып сіздерге үш күн,
Шығасыз енді үш күннен соң мөлшер шағы.
Аз күнгі тататұғын маған нәсіп,
Зынданнан мен шыға алмай қалдым тағы.
Көзелше патша «зынданда жатқалы сегіз жыл болды, сүйегі қурап қалған шығар» деп білуге уәзірлерін жібереді, келсе өлгеннің орнына қуанып отыр екен. Бұларды патшаға айтып келеді. Патша бұларды кім тамақ беріп асырады екен деп, халқын жинап қысса:—Енді бізді қинамаңыз, атсақ өлмеді, шапсақ өлмеді, аштан өле ме десек, ол да болмады. Бір кереметі бар ғой,—деп сөйледі.—Ендеше қазір алып кел, дінге кірсе, қоямын, болмаса отқа салып өртеп өлтіремін,—дейді. Алып келеді, оларға:—Дінге кір, болмаса өртеймін,— дейді. Сонда Жүсіпбек айтады:
—Өлтіре бер жаман дінге кірмейміз,
Сіздің дінді дін екен деп білмейміз.
Біздер өлсек, жайлы орнымыз ұжмақтан,
Кәпір болып тар тозаққа кірмейміз,—дейді.
Сонда Көзелше:—Сен ақын екенсің. Менің Көкше батырыммен айтысасың ба?—дейді.
—Атыспаймыз, айтысайық. Жарлықты патша болсаң біз жеңсек, қаруымыздай қару, атымыздай ат берсең, айтысамыз. Жеңілсек, не қылсаң қолыңдамыз ғой,—дейді.
—Жарайды,—деп қағаз жасап айтысады, айтысы дәмсіз, дінін мақтасады. Онан Көкше жеңіліп, оларға қару беріп, атындай ат беріп қайырады. Тірі кеткен соң Мырза Мәмет ғаяр жол түсіп ғафу сұрап қалайын деп қаладан шығып, қолын қусырып айтқаны:
—Кінәсізден қастық қылдым, жолдасым,
Мехнатқа салдым әз басың.
Уағдалы шартымды бұза алмай,
Мойныма болды-ау көз жасың.
Кеңлік-тарлық өзіңнен,
Алсаң даяр бұл басым.
Сөйлейді Ахметбек:— Тұрсың нағып,
Тағы да нанғалы сөзіне азып.
Бетпақтың түрін көріп тұрмақ харам,—
Жіберді қылышпенен басын қағып.