Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ, Мамай (1-бөлім)

Орақ-Мамай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Мұса ханның бәйбішесінен туған екі баласы бар еді Орақ пен Мамай деген. Далада асық ойнап жүруші еді. Ыстық болса, күймейтін еді, суық болса, тоңбайтын еді. «Қарным ашты» деп үйге, сірә, тұрып бармайтын еді. Ұйықтағанда, алты күн ұйықтайтын еді.

Қозан деген қалмақтың ханы үш жүз кісі әскер аттандырды: «Аңшыбайдың тұқымынан маған адам ұстап әкеліп беріңдер»,— деп. Үш жүз кісі әскер ұйықтап жатқан екі баланың үстіне келді, ауылдан аулақ еді.

Ноғайлар айтушы еді: «Мұса ханның баласы қаңғыбас болды, адам болмайды»,—деуші еді. Мұса хан сыншы хан еді, баласының жақсы болатынын білуші еді. Үш жүз кісі келіп, ұйықтап жатқан екі баланы найзамен түртіп оятады. Оянғанда, Орақ түсі жаман болғасын, жылап қоя берді.

«Не қылып жатқан баласың?»—деп, қалмақ сұрай бастайды.

Сонда Мамай сөйлей бастады:
—Жылама, Орақ, жылама,
Жыламай, көңлің тына ма?!
Атаңа нәлет ит қалмақ
Дегеніңді сенің қыла ма?!
Арғы атамды сұрасаң,
Ала тайлы Аңшыбай.
Бергі жағын сұрасаң,
Баба түкті шашты Әзіз.
Бергі атамды сұрасаң,
Парпария сұлтан хан еді.
Тоқсан баулы ноғайлы
Билеген артық жан еді.
Бергі атамды сұрасаң,
Құттықия бек еді.
Бергі жағы—Едіге,
Ежелден артық ер еді,
Төбесі шоқты қалмақты
Талай сүйреп жеп еді.
Төбесі шоқты қалмақты
Қойға салып, құл қылған,
Шәрін бұзып, ұн қылған.
Бергі атамды сұрасаң,
Халық билеген Нұрадын.
Нұрадын таққа мінгесін,
Ноғайлының берген мұрадын.
Асылымның несін сұрадың?
Өзімнің әкем—хан Мұса,
Мұсаның анау қаласы,
Мен—Мұса ханның баласы.
Менің атым—хан Мамай,
Қасымдағы—Орағым,
Өзімнің егіз қарағым,
Көк аланың көзімін,
Өшпенді жаудың өзімін,
Қайтпайтын қара болатым,
Сермесе, кеспей қалмаған.
Асық ойнап мен шықтым
Балалықпен далаға.
Барамын десең, ал анау
Мұса тұрған қалаға,
Білгеніңді ете бер
Жалаңаш тұрған балаға.
Сонда қалмақ қарады,
«Құдай бізге берді,—деп,
Алатын кезек келді,—деп,
Қаласы құрысын, не етем?—деп,
Қозанға алып кетем»,—деп,
Орақ пенен Мамайды
Ат көтіне салады,
Мінгестіріп алады.
Алып қалмақ жөнелді,
«Көрмеймін,—деп,—қаланы»,
Олжа көріп баланы.
Қозанға жақын келгенде,
Екі кісі оздырды.
«Сүйінші сұра сен,—деді,
Аңшыбайдың тұқымынан
Екі кісі ертіп
Алып келеміз біз»,—деді.
Сонда Орақ жылады:
—Хан алдына барғанда,
Не деп жауап береміз?
Жалаң аяқ, жалаң бас
Келе жатырмыз біз,—деді,
Сонда Орақ жылайды.
Мамай тұрып сөйледі:
—Болса да, қалмақ жан шығар,
Ол да шешесінен туғанда,
Бала болған жан шығар.
Ойнаған шығар далада,
Қосылған шығар балаға.
Қалаға жақын келгесін,
Қозан биікте тұр еді,
Төмен түсіп келді қасына,
Сонда Қозан сөйледі:
—Жап-жалаңаш баласың,
Жарқыным, қайда барасың,
Айтшы, білейін ата-анаң?
Сонда Мамай толғай бастады:
—Атамның аты—Аңшыбай,
Ұсынғанын жазбаған,
Қойы мыңнан қоздаған,
Сары інген жүзден боздаған.
Тоқсан баулы ноғайда
Ерлік пен билік озбаған.
Көшінің сәні болсын деп,
Жүз нарға жүгін арттырған.
Мұның сәні болсын деп,
Жібектен арқан тарттырған.
Сен секілді құлдарға
Қаңғытып жылқы бақтырған.
Атынан түсіп келгенде,
Есіктен отын жақтырған.
Бергі жағым сұрасаң,
Баба түкті шашты Әзіз
Керемет қонған пір еді.
Ұлсыздарға ұл берген,
Қызсыздарға қыз берген.
Тарығып жатқан пақырдың
Қолынан тартып,
Қолтығынан сүйеп демеген.
Бергі жағым—Парпария
Тоқсан баулы ноғайды
Ақылымен билеген,
Дұшпанға кегін бермеген.
Адырнасын қолға асып,
Жарағын жауға сермеген.
Бергі жағым сұрасаң,
Құттықия бек еді,
Артық туған ер еді,
Асыл туған төре еді.
Онан туған Едіге
Қыл жалаулы қалмақты
Талай сүйреп жеп еді.
Бергі атам—Нұрадын,
Нұрадын таққа мінгесін,
Ноғайдың берген мұрадын.
Ақылсыз туған сен қалмақ
Асылымның несін сұрадың?!
Өзімнің әкем—хан Мұса,
Менің атым—хан Мамай,
Қасымдағы—Орағым,
Өзімнің егіз қарағым,
Қайнарлы қара болатым,
Сермесе, кеспей қалмаған.

Тағы оқыңыз