Арғынның Алтайы, Мойын, Кенжеқара рулары (І нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Алтай жігіт күнінде жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып қанжығалы Піспек байдың жылқысын баққан. Ішпек, Піспек деген екі ағайынды байлар екен.
Сонда Піспек бай іңірде өз қолынан арқандаған атын түні бойы қарап, орнынан таба алмай әуре болады екен. Таң атса, шөптің, оттың, судың тұнығында арқандаулы тұрғанын көреді екен. Себебі Алтай жылқының өрісінен келіп, байдың арқандаулы атын бір түнде үш жылжытып арқандайды екен. Малға аса жаны ашып қарағандығы байдың көңіліне ұнап, Алтайға әбден ден қойыпты. Жаз өтіп, күз мезгілі жетіп, бай жылқысын қостап шығармақшы болып, қос көтеріп жатқанда Алтай Піспек байға:
—Атай, осы малыңды аман ап келіп бер деймісің, жоқ, жаман да болса, бағып келе бер деймісің?—депті.
—Балам, жаман болғанын не жақсы көрейін, аман ап келіп бергеніңді тәуір көрем,—депті.
—Ендеше, маған малымды аман шығарып ап кел дейтұғын болсаң, іңірітші, күзетші, бақыршы иттеріңді өзің алып қал, маған сенгенің шын болатұғын болса, жалғыз өзіме тапсыр да қоя бер, жаздай жылқы түсінен шошып, ойым да жылаулы болды, қыс биыл мейілінше қатты суық болады. Бұ дүнияда бұрынғы-соңғы көрмеген, айта қалғандай жұт болады. Қыс қатты болып, үргін-сүргін жаманшылық болғанда, мал баққаннан да жаман кісіні баққан қиын болады. Мал айтқаныңа көнеді, айдауыңа жүреді. Жаман сойып жейін десең, еті арам, сатайын десең, пұлы арам, өлтіріп тастауға Құдайдан қорқасың, өзі білмей де сиырша сіресіп айтқаныңа көнбейді. «Қасымдағы жолдасымды өлтіріп алармын» деп қорқып, малға сыңар жақ болып, малды көңілдегідей күтіп қарай алмай, қолбайлау болады. Жылқыдан аяулы малың жоқ қой, маған берсең, ұзын аяқты түйе-сиырыңды қоса бер, биыл қыстан мал алып шығамын деме! Қысқа аяқты қойыңды семіз күнінде сойып, адал бауызда да қарға тығып тастай бер, союға мал таба алмай ашаршылық болғанда, көп жұртқа жеуге үлестірсең, қайырымды бай атанып, қияметке шейін жұрт аузында қалады,—деген соң бай Алтайдың тілін алып, жылқы, түйе, сиырын түгел береді де, өзі жатын мал қоймен қалды.
Алтай үстіне қос алған жоқ, жабдыққа бір қыл арқан, бір темір қазық, бір қолжаулау алды, қолжаулау бақырашқа бие сауып, бие сүтін іше беру үшін. Темір қазық алғаны—жер қара, күн жылыда жер мұз болып, тоң болып шегедей қатты болғаны үшін темір қазықты қағып жер тоңын байқайды. Бір кірген жерге бір күн, екі кірген жерге екі күн аялдайды. Темір қазықтың үші батпаған жерге ат ауыздығын алмайды, «құс жаман жерге бармайды ғой» деп, құстың жолының астымен айдай беріпті. Піспек байдың ұзын аяқты малын алдына салып айдаған бойымен Алтай кетті.
Бұл Сарыарқада қыстың суықтығы сондай болды: киіз үйде тұрған қара қазан тарс етіп айырылды. Бұзау-тайыншаның маңдайы тарс етіп айырылып кетті, жұрт жұтап, қыс ішінде шұбырып тозды. Қызылтауда қызыл иттен басқа қалған дәнеме болмады. Далбада жабуы далба-далба бір тайлақ қалыпты. Ағыс қудың қуында шаңқан боз ақ қояндай бір боз ат-ақ қалыпты.
Піспек бай Ақкөл-Жайылмада екен. Ішпек бай, Піспек бай деген екі ағайынды байлар екен. Күллі Ақкөл-Жайылмадағы елден қалған мал Ішпек, Піспектің Ішпегінде екі нар қалыпты. Жазғытұрым болғанда Ақкөл-Жайылмада тірі қалған сол екі нармен тасынып, көшіп-қоныпты.