Арғынның Алтайы, Мойын, Кенжеқара рулары (І нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Кәрі құлақтардан естуіміз—сонда жалғыз-ақ аман қалған Баянаула тауында Барлыбай ұранды Бәсентин тышқақ лақ өлтірмей аман қалыпты. Ол кезде желкілдеген Жеті Момын бұл жақта екен де, Қуандық-Сүйіндік Ұлытау, Кіші тау, алпыс екі Торғай, отыз екі өлке жақта екен. Ұлытаудың жақсы жерлеріндегісі—аман. Жаман, жалтаң жерін қыстағандар қыс ішінде үйдің киізін еркек қойларға артып, көшіп, шұбап Керей, Қыпшақтың бойында семіз, күйлі балалары тайынша қуалап, асыр салып жатқан елдің үстіне келіпті.
Сонда Қыпшақта Қауған би деген жақсы адам бар екен. Қыс ішінде ауып келген елдің ішінен ақын бар екен. Соның бір ауыз өлеңі:
—Ассалаумағалайкум, Қауған аға,
Несібеміз бұл жаққа ауған аға.
Құнан өгіз ұстапсыз құйрығынан,
Біз келеміз алысып жаумен аға!—
деген соң, Қауған би келген елді елінің ішіне қорғалатып, төбесіне көтеріп күтіп алып, аяғынан жүріп жарап келген малы дін-есен шығып, жаз шыққан соң иесіз жатқан жер бар деуменен Баянаула, Қызылтауға қарай көше берген екен.
Сол жолдың аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атаныпты. Жұрт жаяу шұбырғанда табандары аппақ болып, жалтырап бір жерге келіп жатқанда: «атасы басқа, жат ру бас салып сойып, жеп қояр» деп, ішіндегі семізін ортасына салып, арықтары айнала қоршап, алқа салып жататұғын болыпты.
Сонда бір мерген он бес ауылды тамақтан тарықтырмай асырауға жарапты, бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарайды. Көк ала биенің иесі көз, тілден қорыққаннан көк ала биені елсіз-күнсіз жерге апарып, енесіне құлынын қоспай, құлынды енесіне қоспай сауып, сүтін сүйретпекпен тасып, үйіндегі үлкен сабаға әкеліп құя береді екен де, күні-түні биенің бұтынан қол айырмайды екен.
Бір күні жапан түзде елсізде биесін сауып отырса, төрт кісі тұп-тура келе жатыр екен. Тұрайын десе, биенің сүті саулап ағып кетерлік. Тұрмайын десе, төрт кісі оқтай қадалып келе жатыр.
Сасқаннан жұдырықтай тасты «Көз болғаның көнекке, тіл болғаның тасқа» деп көнегінің ішіне тастай беріп, биесін сауып отыра берді дейді.
Сол биені сауып отырғанның үстіне төрт кісі келіп:
—Мана біз көргеннен биенің бұтында отыр едің, сонан бері биеңді сауып отырғаның ба, жоқ, ұйықтап отырмысың?—дегенде:
—Биемнің мінезі жаман еді, биенің бір сауымы бұтында отырмаса, иімеуші еді, мана өздерің көргеннен жаңа ғана иіді,—дегенде:
—Бәсе, солай ғой! Онан басқа біз көргеннен бері қарай иігенде ендігі мұның сүті көнек түгіл, сабаға сыймай жерге ағып, бұлақ болып жатса керек еді?—деп, жүре берді дейді.
Олар бұлай кетісімен көнектегі сүтті сүйретпеге құйған екен, көнектің түбіндегі тас төрт бөлек болып қалыпты. «Адам тілі тас жарар, тас жармаса, бас жарар» деген мақал содан қалған екен.
Жұтаған жұрт жұтады, шұбырған ел шұбырды. Алты ай қайта кетіп, қайта жарқырап жаз шықты, күркіреп көк шықты, елдің жайлауы, биенің байлауы болды. Былтыр кеткеннен соң Алтай да жоқ, хабар-ошар да жоқ. Піспек бай ауылының қасындағы бір төбенің басына ала киімменен шығады. Ас ішпейді, дым да сызбайды, қасқарая әбден түңіліп, күдер үзіп үйіне келеді.
Байдың ұлы жоқ екен. Байбике деген жаңа бойжетіп келе жатқан қызы бар екен. Бір күні әкесі төбенің басынан үйге қарай келе жатса, қызы далаға шығып әкесінің алдынан қарсы ұшырап: