Байсейіт (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Елдің көзіне түспей, түнделете жүріп, белгіленген жерге жақындайды. Қоқандықтардың орналасқан жерін, қаншалықты адамы бар екенін және қандай жағдайда соғыс жүргізудің жәй-жапсарын біліп алады. Жасырын шолғыншыларын жіберіп, олардың жүздей адамымен бұлақтың басына шатырларын тігіп жатқанына дейін біледі. Уәделескен күні бұлақтың бас жағындағы терең сайдан кернейлетіп, сырнайлатып шықпақ. Байсейіт сарбаздарын екіге бөліп, терең сайдың екі жағына орналасады. Қоқандықтар сайдың шыға берісіне таянғанда, сарбаздар садақ оғын төбелерінен жаудырады. Дәлдеп атқан оқтан бектерінің, әскерлерінің жартысы аттарынан құлайды. Қалғандары келген ізімен кейін қашады. Байсейіт ауылға хабар бермей аттарды, сауыт-саймандарды жинастырып, сайға жасырынып, қоқандықтар қайта шабуыл жасаса, тағы да қарсы алып, ойранын шығармақ болады.
Ауыл адамдары қоқан бектері белгіленген уақытта келмеген соң, кешке қарай бір қарияны біліп келуге жібереді. Жол бойы өлген бектерді көріп ауылына тез қайтып, көрген-білгенін айтады. Апақай Байсейіт батырдың келгенін біліп, әкесіне болған жайды түсіндіреді. Ертесіне елін жинап, Байсейіт батырдың алдынан шығады. Қоқандықтардың бектеріне жасалатын той енді Байсейіт пен Апақайдың үйлену тойына айналады. Елдің қуаныштарында шек болмайды. Той соңынан Байсейіттер қоқандықтармен соғысып жатқан әскерлерге барып қосылады.
Байсейіт батыр жорықтан қайтып келген соң Апақай қыз босанып, туған қызының атын Әсел қойыпты. Елін жинап үлкен той жасайды.
Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда, Байсейіт пен Апақайдың өмірлері онша ұзақ болмаса керек. Ежелден қазақтардың арасында жер дауы деген еш бітпейді ғой. Оны отаршылар шебер пайдаланып, өздерінің жансыздары арқылы ел арасына іріткі салып, аяғы кісі өлімге дейін барып отырған. Сондай даудың бірі Белбұлақ өзенінің бойындағы жерге байланысты өршіп, дауды шешуге Байсейіт батырды шақырады.
Бұл екі ортада қарама-қарсы жақтар әрекеттер жасап жатады. Жансыздар арқылы бір адамды дайындап, «егер жерді қарсы жаққа берсе, онда Байсейітті садақпен атып өлтіруді» табыстайды. Байсейіт жиналған жұртты тыңдап, әділ билікпен жерді бұрыннан иелік етіп отырғандарға беріп, ағайын арасы тату болса, жер жетеді, бәрін орын-орнымен пайдаланыңдар. «Бәріміз қасиетті Домалақ ананың баласымыз ғой» десіп, ас-су ішіп, бата берісіп, орнынан тұра бергенде, он екі қанат үйдің жапсарынан атылған садақ оғы Байсейттің оң қолтығының астына тереңдей кіріп қадалады.
Елдің шулағанына қарамай, көпшіліктің көмегімен атына мініп, Ақсеңгірге бет алады. Қайсарлығымен тән ауырғанына шыдап, жанындағылардың сүйемелдеуімен өз үйіне жетеді. Көпшілік төсегіне апарып жатқызады. Небір білгір балгерлер жиналып: «Егер өз ерінен басқа еркек көрмеген әйел қадалған оқтың үстінен аттаса, оқ тез түсіп, орны жазылады»,—деген болжам айтылады. Байсейіт: «Әйел адамды үстімнен аттатпаймын»,—деп Апақайдың қолына жармасқанына қарамастан, садақтың оғын суырып алады. Оқтың орнынан аққан қан тоқтамай, ақыры Байсейіт қайтыс болады.
Ел жылап-сықтап жүргенде, Апақай жыламайды. Көргендер таң қалады. Ертесіне ел Байсейіттің сүйегін көтеріп үйден шығарып, жерлеуге алып кеткенде, Апақай өзінің күре тамырын кішкене кездікпен кесіп жібереді. Атқылаған қанды қолымен басып: «Халқым-ау, Байсейіттен басқа жанды көргенім жоқ еді, өзім аттайын деп едім, оған жағдай болмады. Енді онсыз өмірдің керегі жоқ»,—деп қолын жібере салады.
Ел Апақайды ерінің жанына жерлейді. Әке-шешеден жастай қалған Әсел әкесінің ағасы Жанқожаның қолында тәрбиеленіп өседі.