Кенесары—Наурызбай хақындағы аңыздар (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
…Наурызбай төренің мінезі ауыл арасында әншейін жүргенде періштедей екен. Ал жауға шапқанда албастыдай түсі суық көрінеді екен. Наурызбайды «өлді» деп естігенде бір қыздың айтқан өлеңі:
—Елімді жауға айдаған Көшек еді,
Жабысқан он үш жаста өсек еді.
Жылаймын жатамын да баурым төсеп,
Бір жатқан Наурызбаймен төсек еді.
Әулиеатадан күншығысқа қарай созылып сұлап жатқан Алатауды «Қырғыз Алатауы» дейді. Қырғыз Алатауының күншығыс жағы Буам деген сай болып саналады. Алатаудың екі беті көп қырғыздың қонысы болады. Алатаудың терістік жағы далалық болады, күндік жағы Талас, Жусамыр, Қошқар деген өзендердің алаптары болады. Алатаудың басынан қысы-жазы қар кетпейді. Алатаудың күнгей бетінен теріскей бетіне белгілі сулармен қатынасуға болады. Алатаудағы мәңгілік қарларынан көп өзендер басталып, екі жағындағы ойларға ағады. Өзендердің аңғары терең-терең сайлар болады. Бір орыннан басталып теріскейге аққан өзендер бір атпен ғана аталады. Әулиеатадан Бодамға дейін мынадай асулар бар: Мерке, Қарабалта, Ақсу, Соққылық, Аларша, Аламедеу, Ыссық, Ата, Кекетей, Самса деген. Осы асулардан басталған асулармен аттас өзендер бар.
Алатаудың теріскей жағындағы қырғыздар Кенесарыдан қашып таудың басына кеткен. Алатаудың күнгей жағына асқан Кенесарыны таудың басына шығармаған. Асуларды алғызбаған, бермеген. Күнкей жаққа өткізбеген. Кенесары мен қырғыздардың соғыстары Алатаудың теріскей бетінде болған. Алатаудың күнбатыс жағында Қосшы, орта жерінде Солты, күншығыс жағында Сарбағыс болған. Кенесары әуелі қазаққа жақын отырған қосшы мен солтыны шапқан. Онан кейін сарбағысты шапқан. 1846 жылдары Бішпектің төңірегінде бір зор соғыс болған. Келе жатқан Кенесарыны тоқтатам деп сарыбағыс Қалпақ батыр көп қолмен Бішпектің түбінде Кенесарыға жолыққан. Көп қырғын болған. Соғыста Қалпақ өлген. Қырғыздар жеңіліп қашқан. Екінші зор соғыста Кенесары көп қолмен келіп, Кекілік тауына ордасын тігіп, Алатаудың теріскей жағындағы қырғыздарды шаба бастаған.
Соғыстың дөкейі Қызылсу-Самсада болған. Ержанның қолға түскен жері—осы Самса суы. Қырғыздың ханы Орман хан Ферғанадағы, Ыстық көлдегі қырғыздарға ат шаптырып көп қосын жинаған. Қырғыздың көп қолы Бодамнан, одан Кекілікке қараған далаға шыққанда, ат құйрығына шөп байлап, қырғыздар жер-дүниені шаңмен толтырған. Сөйтіп, кісінің азы-көбі байқалмаған екен. Осы келгендерінде қырғыздар: «Не тегі жан қалмай қырылалық, не Кенесарыны жоялық!»— деп келген екен.
Алатаумен Кекіліктің арасы зор майдан болған. Қырғыздар дулатпен астыртын сөйлескен: «Бұрынғы талас-тартыс болып жүретін жер бәрі сендердікі болсын, мына Кенесарыны бізге оңаша бер»,—деген.
Дулаттың атақты Сыпатай деген биі мен Рустем деген төресі қырғызбен үндес болып, Байұзаққа астыртын қиянат қылуға кірісіп, бір түнде көп дулатты қашырып, қырғызға кіргізіп жіберген. Кенесары қасында бар болғаны бір мыңдай ғана қазақ, жүз мылтық қалған. Ержан алдымен қолға түскен. Ақауыз ат оққа ұшқан. Зеңбірек ортасынан үзілген. Кекіліктің Сеңгір деген жерінде қырғыздар Кенесарыны қамап алған. Таудан аққан бұлақты басын бұрып, қамауда қалған қазақтарды сусыз қалдырған. Ас-сусыз үш күн соғысып аты да, адамы да болдырып, титығы құрып қолға түскен.